Ерлан Қарин ішкі саясаттың негізгі басымдықтарын атады
Ол реформаларды ақпараттық тұрғыдан сүйемелдеудің және барлық жобаларды елді жаңғыртудың ортақ бағытына біріктірудің маңызын атап өтті
Қазақстанда ішкі саясатты іске асырудың басым бағыттары белгіленді. Идеологиялық кеңес отырысында конституциялық құндылықтарды ілгерілету, қоғамдық этиканы қалыптастыру және реформаларды ақпараттық сүйемелдеу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Вице-Президент Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен отырыста ішкі саясат бойынша үш негізгі блок айқындалды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Қыркүйек» пен «қыргүйек» дауы Ақордаға да жетті
Бірінші бағыт – конституциялық құндылықтарды стратегиялық реформалардың өзегіне айналдыру. Бұл ретте заң үстемдігі, қоғамдық бірлік, этносаралық келісім, мәдениет пен ғылымды дамыту және патриотизм мәселелеріне басымдық берілмек. Негізгі құжаттар ретінде ішкі саясат қағидаттары туралы Жарлық пен Конституцияны ілгерілету жоспары аталды.
Екінші бағыт – жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру. Кеңес отырысында жат құндылықтарға қарсы тұру, тарихи оқиғаларды мифологизациялауға жол бермеу және «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» жобаларын дамыту ұсынылды. Бірыңғай цифрлық платформа құру, өңірлердің рейтингін енгізу, тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу және көгалдандыру жұмыстарына арналған онлайн-карта жасау мәселелері қаралды.
Үшінші бағыт – стратегиялық құжаттарды жүзеге асыру. Атап айтқанда, «Қазақстан балалары», діни, жастар саясаты және әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамаларын іске асыруға назар аударылды. Бұдан бөлек, «Оқитын ұлт» және этносаралық қатынастардың жаңа тұжырымдамаларын әзірлеу ұсынылды.
Ерлан Қарин реформаларды ақпараттық тұрғыдан сүйемелдеудің және барлық жобаларды елді жаңғыртудың ортақ бағытына біріктірудің маңызын атап өтті.
Ішкі саясат саласындағы жүйелеу жұмыстарын жалғастыру қажет – бірыңғай талаптар, нақты регламенттер мен рәсімдерді бекіту керек. Қарқынды бәсеңдетуге немесе қол жеткізген нәтижелермен тоқтап қалуға болмайды, үнемі алға жылжу қажет. Біздің ортақ міндетіміз – азаматтардың сұранысына тиімді жауап беру, жасампаз күн тәртібі мен жаңа конституциялық құндылықтарды ілгерілету, Президент бастамаларының сапалы әрі тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, – деді вице-Президент.



