Жұма намазы кімге парыз және оны қалай оқу керек
Мүмкіндік болса, жұма күнін Құран оқу, намаз оқу, тәсбих, зікір, салауат айту және дұға жасау сияқты ғибадаттармен өткізген абзал
Жұма намазы – мұсылмандар үшін аптасына бір рет жамағатпен орындалатын маңызды ғибадат. Оның өзіндік уақыты, шарттары мен әдептері бар. Жұма намазы кімдерге парыз, кімдерге міндеттелмейді және оны мешітте оқу тәртібі қандай? Бұл туралы NewsMedia.kz материалынан біле аласыз.
Жұма күні – мұсылмандар үшін қасиетті күндердің бірі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) бұл күннің ерекшелігі туралы: «Күмәнсіз, әкеңіз Адамның жаратылысы сол күні жиналды. Қиямет сол күні болады. Қайта тірілу мен адамдардың есеп беруі үшін ұсталулары да – сол күні болады. Жұма күнінің үш сағатының соңында бір сәт бар. Сол сәтте дұға еткеннің дұғасы қабыл болады», – деген.
Сондықтан мүмкіндік болса, жұма күнін Құран оқу, намаз оқу, тәсбих, зікір, салауат айту және дұға жасау сияқты ғибадаттармен өткізген абзал. Бұл күннің тазалығына да ерекше мән беріледі. Бейсенбі күні ақшамнан бастап ғұсыл алу, тырнақ алу, таза киім кию, хош иіс себу секілді тазалық амалдарын жасаған дұрыс.
Жұма намазының үкімі – парыз. Оның парыздығы Құран мен сүннетке негізделген. Құранның «Жұма» сүресінің 9-аятында: «Ей, иман еткендер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Алланы еске алуға ұмтылыңдар және сауда жасауды сол уақытта доғарыңдар», – делінген.
Пайғамбарымыз (ﷺ) да: «Жұма азанын естіген жандарға – жұма намазы парыз», – деген.
Жұма намазы кімге парыз?
Жұма намазы негізінен ер адамдарға парыз. Ал әйелдерге, балаларға, жолаушыларға, науқастарға және намазға баруына белгілі бір себеп кедергі болатын адамдарға жұма намазы міндеттелмейді.
Жолаушыға жалпы жолдың қиындықтарына байланысты жеңілдік жасалған. Сол сияқты намазға барса, ауруы асқынып кетуі мүмкін адамның да жұмаға бармауына рұқсат етіледі. Науқасқа күтім жасап отырған адам, әлсіз қарт, көзі көрмейтін, мүгедектігі себепті бара алмайтын адамдар да бесін намазын оқиды.
Әйел адам жұма намазына мешітке барып, жамағатпен бірге намаз оқыса, кейін сол күнгі бесін намазын қайта оқымайды.
Жұма намазының уақыты
Жұма намазының уақыты – бесін намазының уақыты. Жұма намазы халыққа ашық жерде, жамағатпен оқылады.
Ханафи мәзһабы бойынша жұма намазының дұрыс орындалуына қатысты бірнеше шарт бар. Атап айтқанда, жұма оқылатын жердің қала немесе қалаға ұқсас елді мекен болуы, намаздың уәкілетті имам арқылы ұйымдастырылуы, жамағаттың болуы және жұма намазы өткізілетін жердің халыққа ашық болуы қарастырылады.
Жұма намазының маңызды шарттарының бірі – хұтпа. Пайғамбарымыз (ﷺ) хұтпасыз жұма намазын оқымаған. Сондықтан жұма намазының алдында имам жамағатқа хұтпа айтады.
Жұма намазы қалай оқылады?
Жұма күні мұсылман мешітке мүмкіндігінше ертерек барғаны жөн. Ғұсыл алып, таза киім киіп, хош иіс себініп бару – жұма күнінің көркем әдептерінің бірі.
Мешітке келген соң нәпіл намаз оқып, Құран оқуға, зікір мен салауат айтуға болады. Азан айтылған кезде жамағат намазға дайындалады.
Имам мінберге көтерілгеннен кейін жұма азаны айтылады. Азаннан соң имам жамағатқа қарап екі хұтпа оқиды. Бірінші хұтпадан кейін қысқа уақыт отырады да, екінші хұтпаны оқиды.
Хұтпа кезінде жамағат тыныштық сақтап, имамды тыңдауы керек. Сөйлесу, біреуге ескерту жасау, артық әрекетпен айналысу дұрыс емес. Хұтпа аяқталған соң қамат айтылады.
Одан кейін имам жамағатқа екі рәкат жұма намазының парызын оқытады.
Намаздың алдында ниет жасалады. Жамағат имамға ұйып, екі рәкат намазды бірге орындайды. Бірінші рәкатта имам тәкбір айтып, Құран оқиды. Одан кейін рукуғ пен екі сәжде орындалады. Екінші рәкат та осы тәртіппен оқылады.
Екінші рәкаттағы екі сәждеден кейін жамағат отырады. «Әт-Тахият», салауат және дұғалар оқылып, имам оңға және солға сәлем бергенде жұма намазының парызы аяқталады.
Жұма намазы неше рәкат?
Ханафи мәзһабында жұма күні намаздың алды мен соңында төрт рәкаттан сүннет намазы оқылады.
Яғни кең тараған тәртіп бойынша:
4 рәкат – жұма намазының алдындағы сүннет;
2 рәкат – имаммен бірге оқылатын жұма намазының парызы;
4 рәкат – жұма намазынан кейінгі сүннет.
Осылайша барлығы 10 рәкат намаз оқылады.
Пайғамбарымыздың (ﷺ) жұмадан бұрын төрт рәкат намаз оқығаны және жұма намазынан кейін төрт рәкат намаз оқуға үндегені туралы хадистер бар.
Хұтпаның тәртібі қандай?
Хұтпа екі бөлімнен тұрады. Имам оны тік тұрып, жамағатқа қарап оқиды. Хұтпа кезінде тазалық сақталуы және әурет жерінің жабық болуы шарт.
Бірінші хұтпада Алла Тағалаға мадақ айтылып, салауат оқылады, Құран аяттары мен насихат айтылады. Екінші хұтпада мұсылмандар үшін дұға жасалады.
Екі хұтпаның арасында имам қысқа уақыт отырады. Хұтпаны ұзаққа созбау – сүннет.
Имам мінберге көтерілген кезде азаншы азан айтады. Хұтпа аяқталған соң қамат түсіріліп, екі рәкат парыз намаз оқылады.
Жұма намазына кешіккен адам не істейді?
Жұма намазына келген адам хұтпаға тап болса, тыныш отырып, имамды тыңдайды. Ал парыз намазына кешігіп келген жағдайда имамға ұйып, оның қимылдарын қайталайды.
Жұма намазына мүлде қатыса алмаған немесе оған жұма намазы парыз емес адам сол күнгі бесін намазын оқиды.
Жұма күні қандай амалдар жасалғаны дұрыс?
Жұма күні ғұсыл алу, таза әрі жақсы киім кию, хош иіс жағу, мисуак қолдану, мешітке ертерек бару, Құран оқу, зікір айту, салауат айту және дұға жасау – құпталған амалдар.
Сондай-ақ жұма күні «Кәһф» сүресін оқу немесе тыңдау да мәндүп саналады.
Жұма намазының парыздығы туралы Құран мен сүннетте нақты нұсқаулар бар. Сондықтан бұл күнді мұсылман үшін ғибадатқа, тазалыққа, ізгілікке және дұғаға көбірек көңіл бөлетін ерекше күн ретінде өткізу маңызды.



