Ұлттық ұланның элиталық құрамына іріктеу басталды
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының ең беделді бөлімшелерінің бірі – Құрмет қарауыл ротасына күзгі шақырылым бойынша іріктеу науқаны басталды. Жыл сайын мыңдаған жас Отан қорғаушы Ұлттық ұлан қатарын толықтыруды қаласа, олардың ішінен тек бір бөлігі ғана қатаң талаптарға сай келіп, элиталық ротаға қабылданады.
Үміткерлердің бойы 180 сантиметрден төмен болмауы, дене бітімі келіскен, тәртіпті, психологиялық тұрғыдан тұрақты және саптық дайындығы мінсіз болуы қажет.
Құрмет қарауыл ротасы әскери шеруге қатысу, гүл қою рәсімдері, одан бөлек құқықтық тәртіп әскері қолбасшылығы қатысатын мемлекеттік деңгейдегі ресми іс-шараларда өз міндеттерін бұлжытпай орындап келеді.
Сондықтан мұндағы даярлық көлемі аптасына 120 сағатқа дейін жетеді. Оның басым бөлігі саптық даярлыққа, қозғалыстардың үйлесімдігіне және саптық дефиледегі күрделі элементтерді пысықтауға арналады.



