Қоғам

Астанадағы кептеліс қалай шешіледі: Әкімнің жаңа жоспары

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек мәслихат отырысында елордадағы жол кептелісін азайту бойынша қандай шаралар атқарылып жатқанын айтты. Соңғы күндері қардың қалың жаууы және түрлі спорттық іс-шаралардың өтуі қаладағы қозғалысты қиындатқаны белгілі.

ЛРТ іске қосылады және жаңа жолдар салынады

Әкімнің айтуынша, Астанадағы басты мәселенің бірі — көлік трафигі.

«Қазір №1 проблема — кептеліс. ЛРТ-ны алдағы бірнеше айда іске қосамыз. Қалада жаңа жолдар көп салынды. Келесі жылы Тәуелсіздік даңғылын ұзартуды жоспарлап отырмыз. Бұл Маңғылік Ел, Тұран және Қабанбай батыр бағытындағы жүктемені жеңілдетеді. Негізгі кептелістер «Есіл» және «Нұра» аудандарында, әсіресе көпірге шығатын бағыттарда байқалады. Осыны ескере отырып, екі жаңа көпір жобаланып жатыр»,— деді Қасымбек.

Жұмыс уақытының өзгеруі нәтиже берді

Әкімнің айтуынша, жұмыс кестесін бір сағатқа жылжыту қала көшелеріне айтарлықтай әсер еткен.

«Акимат 7:30-да, мемлекеттік органдар 8:00-де жұмысын бастайтын жаңа кесте өз нәтижесін көрсетті. Қай уақытта қандай көшелер қанша пайызға босады — бәрін талдап беруге дайынмын. Дегенмен қазір трафик ертерек, 6:30–7:00-де басталып жатыр. Автобустардың орташа қозғалыс жылдамдығы — 23–25 км/сағ. Қазан-қарашамен салыстырғанда жылдамдық 2–3 км/сағ артты», — деп атап өтті әкім.

36 мыңнан астам тұрғын жаңа графикке өтті

Еске сала кетсек, жұмыс уақытын өзгерту бастамасын 36 мыңнан астам астаналық қолдап, жаңа графикке ауысқан. Бұл шара таңғы уақытта жүктемені азайтуға көмектірген.

Бұған дейін қалада 10 балдық кептеліс тіркелгені хабарланған болатын. Енді алдағы инфрақұрылымдық жобалар мен көлік стратегиясы жағдайды айтарлықтай жақсартуға тиіс.

Басқа жаңалықтар

Back to top button