Қоғам

Су тасқынының алдын алу үшін Астанада мамандар нидерландық эксперттерден білім алуда

Астанада Нидерландтың жетекші сарапшылары қазақстандық мамандарға су тасқынын алдын ала болжауға арналған заманауи технологияларды үйретуде. Тренингте қатысушылар голландиялық Deltares институты әзірлеген wflow бағдарламасымен жұмыс істеуді меңгеріп жатыр. Бұл бағдарлама өзен бассейндеріндегі барлық гидрологиялық процестерді модельдеуге мүмкіндік береді — су тасқынын болжаудан бастап, жер асты су қорларын толықтыруға дейін.

Вице-министр Аслан Абдраимовтың айтуынша, бұл семинар Қазақстандағы мамандардың су тасқыны қаупін болжау және басқару қабілетін арттыруға бағытталған:

«Мұндай тренингтер елімізде алғаш рет өтіп жатқан жоқ. Нидерланд мамандары гидрологиялық процестерді модельдеу мен болжауда әлемдегі ең озық технологияларға ие. Сол себепті біз голландиялық институттармен тәжірибе алмасып, ғылыми жобаларда бірлесіп жұмыс істеп, су саласында цифрлық жүйелерді енгізу бойынша жақын әріптестік орнаттық», — деді ол.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі Нидерландтың Сыртқы істер министрлігі және IHE Delft институтымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған. Құжаттар паводқы суларын басқару, өзен ағындарын реттеу, инновациялық технологияларды енгізу және ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.

Бұған дейін Қазақстанда су тасқынына дайындық аясында 70-ке жуық гидротехникалық нысан жөнделіп жатқаны хабарланған еді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button