Астана қаласында кітапсүйер қауым үшін ерекше әрі қолжетімді орын бар. Мұнда кітаптардың бағасы небәрі 300 теңгеден басталады. Ескі кітап болсын, жаңа кітап болсын — әр оқырман өз талғамына, бюджетіне және қалтасына қарай қалаған кітабын таңдап ала алады.
Бұл букинистика дүкені «Кітапашар» деп аталады. Неліктен дәл осылай аталған? Дүкеннің негізін қалаушы, 25 жастағы Арайлым Қадір бұл атаудың мағынасын былай түсіндіреді:
«Қазақта “беташар” деген ұғым бар. Біз де жаңа ойдың, жаңа дүниенің, жаңа кітаптың бетін ашқымыз келді. Кітап бір оқырманнан екінші оқырманға жол тартсын деген ниетпен “Кітапашар” атауын таңдадық».
«Кітапашардың» басты ерекшелігі — оқырманнан оқырманға жететін кітап мәдениеті. Бұл бастама алғаш кітап фестивалінде пайда болған. Әр кітаптың сырты арнайы қаптамамен қапталады, ал қаптаманың бетіне сол кітапты бұрын оқыған адам өз ойы мен әсерін жазып қалдырады. Жаңа оқырман сол жазбаларды оқи отырып, кітаппен алдын ала танысып, басқа адамның көзқарасы арқылы өзіне қажет дүниені таңдай алады.
Осы идеядан басталған шағын дүкен бүгінде жайлы демалыс кеңістігіне айналған. Мұнда тек кітап сатып алып қана қоймай, түрлі мәдени кештер ұйымдастыруға да болады. Мәселен, поэзия кештерін өткізуге, әдеби кездесулер жасауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ жақын адамдарыңызбен немесе достарыңызбен жай ғана әңгімелесіп, тыныш отырып демалуға таптырмас орын.
Егер кітаптармен жақынырақ танысқыңыз келсе, оларды қолыңызға алып қарап, асықпай таңдауға болады. Бұл жер — жаңа адамдармен танысып, орта табуға, пікір алмасуға да өте қолайлы.
Сонымен қатар «Кітап ашардың» иесі Арайлым Қадірдің жеке кітапханасы да осы кеңістікте орналасқан. Мұнда түрлі жанрдағы кітаптармен қатар, әдемі картинкалар, сүйкімді сувенирлер, майшамдар, ашық хаттар сияқты көз қуантатын бұйымдар да бар.
«Кітап ашар» — бұл тек кітап дүкені емес, ой демалатын, жан тыныштық табатын, шығармашылыққа шабыт беретін мекен.
📍 Мекенжайы: Астана қаласы, Иманова көшесі, 44
Осы мекенжайға келіп, демалысыңызды пайдалы әрі әсерлі өткізе аласыз.



