Саясат

2026 жылы мамырда Астанада ЕАЭО саммиті өтеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысында келесі саммиттің 2026 жылғы 28–29 мамыр күндері Астана қаласында өтетінін мәлімдеді. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған Kazinform хабарлады.

Мемлекет басшысы өз сөзінің қорытындысында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің алдында күрделі міндеттер тұрғанын атап өтіп, оларды шешу үшін дәл әрі үйлестірілген шешімдер қажет екенін айтты.

Сондай-ақ Президент 2026 жылы ЕАЭО органдарындағы төрағалық миссия Қазақстанға өтетінін еске салды. Оның айтуынша, еліміз бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті және бұл ынтымақтастық одақ елдерінің жаңа жетістіктеріне жол ашып, халықтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкоға биылғы жылы ЕАЭО-ға төрағалықты табысты атқарғаны үшін алғысын білдірді.

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды.

Ақорданың мәліметінше, саммитке Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ Индонезия, Иран және Куба елдерінің өкілдері қатысты.

Бұған дейін Қазақстан Президенті 2025 жылы ЕАЭО елдерінің жиынтық жалпы ішкі өнімінің 2 пайызға өсуі күтілетінін айтып, одақ аясындағы өзара саудадағы кедергілерді жоюға шақырған болатын.

Back to top button