Жеңіс Қасымбек: LRT 2 айда іске қосылады

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT желісін іске қосу уақытына қатысты нақты ақпарат берді. Оның айтуынша, жеңіл рельсті көлік жүйесі алдағы 1–2 айдың ішінде толық іске қосылады.
Қала басшысы LRT 30 қыркүйектен бері сынақ режимінде жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Қазіргі таңда барлық вагондар ай соңына дейін жеткізіледі деп жоспарланып отыр, ал станциялардың ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сынақ кезеңі бастапқыда 3–6 айға созылады деп белгіленген болатын. Осы жұмыстар толық тәмамдалған соң, LRT ресми түрде пайдалануға беріледі.
Жеңіс Қасымбектің сөзінше, жаңа көлік жүйесі әсіресе Ш. Қалдаяқов, Сығанақ және Қабанбай батыр даңғылдары бойындағы, сондай-ақ Есіл мен Нұра аудандарындағы көлік жүктемесін айтарлықтай азайтады.
Сонымен қатар, 9 жоғары жылдамдықты көлік дәлізінің іске қосылуы қоғамдық көліктің қарбалас уақыттағы орташа қозғалыс жылдамдығын 30 пайызға арттырып, автобустардың жүру аралығын 8 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, қараша айында Астанадағы халық саны 1,6 миллионнан асты. Бұған дейін қала әкімі елорда инфрақұрылымын дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылатынын да баяндаған болатын.



