Астанадан бір млн текше метрден астам қар шығарылды

Елорданың коммуналдық қызметі күшейтілген, тәулік бойғы режимде жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігі.
Өткен түнде қала аумағынан 25 мың текше метрден астам қар 2 056 ауыр жүк көлігінің рейсімен шығарылды.
24 желтоқсан күні таңнан бастап қар күреу жұмысына 2 700-ден астам жол жұмысшысы мен 1 600-ден аса арнайы техника жұмылдырылды.
Жалпы қыс маусымы басталғалы бері қаладан қар полигондарына 78 694 жүк көлігі арқылы бір миллион текше метрден астам қар шығарылған.
Алдымен негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік бағыттары тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.
Қала тұрғындарының қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету мақсатында жолдарға, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себіліп жатыр.
Сонымен қатар, аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету ПИК пен МИБ-тің міндеті екенін атап өткен жөн. Олар тұрғындардың қолайлылығы мен қауіпсіздігі үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша мұқият болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.



