Сатып алған еттің тарихы енді QR кодта

Енді дастарханыңыздың төрінен орын алатын кез келген ет атаулының шығу тарихын еш қиындықсыз біле аласыз. Керек десеңіз, жынысы мен қай қасапханада сойылғаны туралы мәліметті де сатушы сізден жасыра алмайды. Жаңа жылдан бастап ет сататын барлық сауда нүктесі мәліметпен толықтырылған QR кодпен жабдықталады, деп хабарлайды «КТК» арнасы.
«Қазір цифрландыру аясында әрбір сауда орнында міндетті түрде QR код болуы керек. QR кодқа телефоныңызды жақындатып, кодты сканерлегеннен кейін, ол жерде барлық қажет мәлімет көрсетілген. Атап айтқанда, малдың жынысы, түрі, оның кімге тиесілі екені, қай күні сойылғаны, қай жерде сойылғаны», — дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің комитет төрағасы Қазбек Тәшімов.
Өрістегі мал атаулыны осылайша цифрлық есептен өткізуге қауқарлымыз деген ауыл шаруашылығы министрлігі мектептер мен балабақшалардағы еттің де қайдан келгенін әр ата-ана біле алады деп отыр. Ол үшін білім ордаларының әкімшілігінен арнайы рұқсат алып, асханаларына барып, QR кодты сұрату керек. Мұндай қадамға балаңыздың не жеп, не қойғанына күдіктеніп, күмәнданған жағдайда барсаңыз болады дейді жауапты ведомство.
Ал заманfуи тақтайшаны көрсетуден бас тартқан саудагерлерге бастапқыда ескерту жасалып, 20 мыңдай айыппұл салынса, қайталанған жағдайда сауда нүктесінен айырылып қалуы да мүмкін.
«Етке байланысты мәліметті QR код арқылы халыққа таныстыру жобасын біз бұған дейін пилот жоба ретінде ұсынғанбыз. Екі жылдай сынап көрдік. Енді біртіндеп жаңашылдықты барлық сауда нүктесіне енгізіп жатырмыз. Әсіресе мектеп пен балабақшадағы ет сапасына келгенде сұрақ көп туындайды. Енді ата-аналар балаларға ұсынылып жатқан сиырдың қай өрісте жайылып, қай қасапханада сойылғанын біле алады», — дейді Агроөнеркәсіп кешеніндегі экономика саясатын талдау орталығының басқарма басшысы Айдос Мұқашбеков.



