Астанада тіркеу нормасы бекітілді: 15 шаршы метрге – бір адам

Астана қаласының мәслихаты елорда аумағында тұрғылықты және уақытша тұру бойынша тіркеу нормативін бекітті. Қабылданған шешімге сәйкес, тұрғын үйдің пайдалы алаңының әрбір 15 шаршы метріне бір адамнан артық тіркеуге рұқсат етілмейді.
Бұл талаптар тек алдағы уақытта жүргізілетін жаңа тіркеулерге ғана қолданылады. Қазірдің өзінде Астанада тіркеуі бар азаматтар аталған нормативтің аясынан тыс қалады. Бұл туралы сегізінші шақырылымдағы Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ерлан Жүсіпов мәлімдеді.
Сонымен қатар, бекітілген шектеулер отбасы мүшелері мен жақын туыстарға қатысты қолданылмайды.
Мәслихатта атап өтілгендей, жаңа норматив бір пәтерде ондаған, тіпті жүздеген адамның тіркелуіне жол бермеу мақсатында енгізіліп отыр. Тіркеу нормасын бекіту мәселесін депутаттар бірауыздан қолдады.



