Қоғам

Елордада даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына тағзым жасалды

Елордада Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, әйгілі қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай оның ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті.

Еске алу шарасына «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының мүшелері, түрлі жастар ұйымдарының өкілдері, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері мен белсенді елордалық жастар қатысты.

Рәсім барысында жиналғандар батырдың рухына бір минут үнсіздік жариялап, оның ерлігі мен өмір жолының ел тарихындағы және өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.

«Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушісі Олжас Самарханның айтуынша, мұндай тағылымды кездесулер жастардың азаматтық көзқарасын қалыптастыруға оң әсер етеді.

— Бауыржан Момышұлының өмірі – Отанға адал қызмет етудің, табандылық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Оның ұстанымдары жастарды немқұрайдылықтан арылып, өз шешіміне берік болуға және ұлттық құндылықтарды қорғауға үйретеді. Осындай тұлғаларды еске алу арқылы біз тарихымызға деген құрметті күшейтіп, ел болашағындағы орнымызды тереңірек түсінеміз, — деді  ол.

Айта кетейік, ел көлемінде ұлт тарихында өшпес із қалдырған тұлғаларға арналған еске алу шаралары патриоттық рухты нығайтуға және тарихи сананы жас ұрпаққа жеткізуге ықпал етіп келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button