Дене қызуы көтерілсе, қалай түсірген жөн
Адамның ыстығы көтерілуі – оның ағзадағы инфекциямен күресуінің белгісі

Инфекционист дәрігер Динагүл Баяшева адамның дене қызуы көтерілгенде не істеу керегін және вирусқа қарсы дәрі-дәрмекті қандай жағдайда қолдану қажет екенін айтты, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Адамның ыстығы көтерілуі – оның ағзадағы инфекциямен күресуінің белгісі. Кез келген жұқпалы ауру кезінде адамның дене қызуы жоғарылайды.
Дене қызуы 38 градустан жоғары болмаса, дәрі ішіп, дүрлікпеген дұрыс. Оның орнына көп мөлшерде сұйықтық, яғни су не шай ішіп, көбірек ұйықтап, демалған жөн. Ағзаның вируспен күресуі үшін артық күш жұмсамау керек. Ол үшін нәрлі тамақ жеген пайдалы. Бұл жағдайда адамның ары кетсе 5-6 күн ауырып, аяққа тұрып кетуіне мүмкіндік мол, – дейді Динагүл Баяшева.
Инфекционист адамның ыстығы қайтпай, 38,5 градустан асып, 39-ға жетсе, буын-буындары сырқыраған жағдайда ғана парацетамол, ибупрофен секілді дене қызуын түсіретін дәрілерді қолдануға кеңес береді. Бірақ бұл дәрілердің тек дәрігер қабылдауында болып, соның рұқсатымен ғана ішкен жөн.
Парацетамол дозасы – 4 сағат сайын бір ғана таблетка (500 мг). Бұл дәріні мөлшерден артық ішу – бауыр жұмысына зиян. Парацетамолды ішкен соң су ішіп, жатып, демалу керек. Ақырындап ыстық түсіп, дене температурасы қалыпты деңгейге келе бастайды. Кішкентай балаға парацетамолды салмағының әр келісіне 10-15 миллиграмнан есептеп ішкізу керек.
Бірақ қазір құрамында парацетамол бар дәрілер көп. Мысалы, “Тайлол”, “Терафлю” секілді неше түрлі дәрінің құрамында парацетамол бар, сол есте болуы керек. Мөлшері көп болып кетсе, тағы да бауырға зиян. Аспиринді де 4 сағатта 500 мг артық ішуге болмайды, өйткені адамның қанына зиян келтіруі мүмкін, – дейді дәрігер.
Адамдар парацетамол мен аспириннен бөлек “амизон” мен “арбидолды” да жаппай сатып алуда. Алайда Динагүл Баяшева бұл дәрілерді температураны түсіру үшін қолдануға болмайтынын айтып, абай болуға кеңес берді.
Ыстықты түсіру үшін денені жануардың майымен сылайтындар көп. Алайда дәрігер мұндай әдістің ағзаға керісінше зиян екенін айтып отыр. Оның сөзінше, бұл емнің ешқандай дәлелі жоқ, сондықтан қолдану дұрыс емес.
Фото: ашық дереккөз



