Қоғам

Қоғам белсендісі Санжар Боқаев елден кетіп қалды (ВИДЕО)

Ол бүгінде АҚШ-та, жеке кәсіппен айналысып жүр

Әлеуметтік желіден көптен көрінбей кеткен қоғам белсендісі Санжар Боқаев АҚШ-қа көшіп, жеке бизнесін дамытуға кіріскен. Десе де ол Қазақстанға қайта оралатынын, алайда, енді бұрынғы ісімен айналыспайтынын жеткізген, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Оның Instagram парақшасында кейінгі рет 2025 жылғы 17 қарашада жазба жарияланған. Тура үш ай өткен соң белсенді видео жариялап, жоғалып кетуінің себебін түсіндірді.

Санжар Боқаев бүгінде АҚШ-та, жеке кәсіппен айналысып жүр. Ол видеода Қазақстанға қайта оралатынын, бірақ енді бұрынғы ісімен айналыспайтынын мәлімдеді.

Менде бәрі жақсы. АҚШ-та жүрмін. Былтыр компания аштым, қазір бизнеспен айналысып жүрмін, бәрі ойдағыдай. Бір сәтте түптеп келгенде ешкімге ештеңе керек емес екенін түсіндім. Қанша алғыссыз қоғамдық жұмыс атқарамыз, қанша жемқорлық деректерін дәлелдейміз… Бірақ көргіміз келетін нәтиже жоқ. Мемлекетке де, қоғамға да керек болмаса, онда мұны көрсетудің мәні қандай. Тек проблеманы айтып жүретін негативтің көзі болу… Мен енді қаламаймын, шаршадым. Бұл – өзімді құрметтемеу. Біздің ешқандай өкілеттігіміз жоқ. Ал адамдар қоғамдық жұмысымыздың қорытындысында үлкен нәтиже болады деп күтеді. Ол болмайды, өйткені бізде өкілеттік жоқ, – деді Боқаев.

Дегенмен Боқаев кейбір бастаған істері нәтиже бергенін жеткізді. Оның сөзінше, 2025 жылы жарияланымдарынан кейін бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы мен жалған өндірістерге қатысты істерді қоса алғанда, сегіз қылмыстық іс қозғалған.

Сондай-ақ Санжар Боқаев Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасына да пікір білдірді. Ол құжатты қазіргі күйінде қабылдауға болмайды деп санайды.

Мәжіліске өзін-өзі ұсыну құқығының шектелуі. Жаңа нормалар бойынша сайлауға саяси партиялардан ұсынылған кандидаттар ғана түсе алады. Бұл депутаттардың сайлаушылар алдындағы жеке жауапкершілігін әлсіретеді, – деді ол.

Ол азаматтарды референдумға қатысып, дауыс беруге шақырып, олардың дауысы “ұрланбауы” керегін айтты.

Қоғам белсендісі елге қайту жоспарында бар екенін, бірақ енді жеке өмірі мен бизнесіне көбірек уақыт бөлгісі келетінін де жеткізді.

Мен қайтамын, уайымдамаңыздар. Бірақ енді өз істеріммен және жіберіп алған өміріммен көбірек айналысатын жағдайда болуға тырысамын, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін қоғам белсендісі Санжар Боқаев Алматыдағы жерасты өткелдерін жөндеуге кеткен шығынды негізсіз деп бағалап, қылмыстық іс қозғауды талап еткені хабарланған еді.

Фото: видеодан скриншот

Басқа жаңалықтар

Back to top button