Темекі, фастфуд, қимылсыз өмір: Астанада қазақстандықтарды алаңдатқан қауіп айтылды
Іс-шараны Quit Like Sweden ұйымы ұйымдастырды

Астанада зиянды әдеттердің адам денсаулығына әсері мен олардан арылу жолдары талқыланды. Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы мезгілсіз өлім жағдайларының шамамен 81 пайызы инфекциялық емес ауруларға байланысты. Мұндай дерттердің көбеюіне көбіне темекі шегу, дұрыс тамақтанбау және қимыл-қозғалыстың аздығы себеп болып отыр, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Елордада өткен жиында осы мәселелер кеңінен сөз болды. Іс-шараны Quit Like Sweden ұйымы ұйымдастырды.

Жиын барысында негізгі баяндаманы Densaulyk ұйымы басқарма төрағасының орынбасары, сарапшы Гинтаутас-Йозас Кентра жасады. Ол халық денсаулығына темекі тұтыну, алкоголь ішу мәдениеті, тамақ сапасы мен күнделікті әдеттердің тікелей әсер ететінін айтты.

Сарапшының сөзінше, Қазақстанда созылмалы аурулар мезгілсіз өлім-жітімнің негізгі себептерінің біріне айналған. Оның пікірінше, денсаулық сақтау саласындағы саясат тек шектеу қоюмен ғана шектелмеуі керек. Керісінше, адамдардың күнделікті мінез-құлқын ескеріп, зиянды азайтудың тиімді жолдарын қарастырған дұрыс.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2024 жылғы мәліметіне сәйкес, Қазақстандағы ересек тұрғындардың шамамен 20 пайызы темекі шегеді. Ал ер адамдар арасындағы көрсеткіш 34,6 пайызға жетеді. Бұл – шамамен 2,9 миллион адам.
Гинтаутас-Йозас Кентраның айтуынша, темекінің зиянын төмендетуге бағытталған тәсілдерді жүйелі енгізу алдағы 40 жыл ішінде Қазақстанда 165 мың адамның мезгілсіз қайтыс болуының алдын алуға мүмкіндік беруі мүмкін.

QLS ұйымының директоры Суэли Кастро да бұл мәселеде шынайы жағдайды ескеру қажет екенін айтты. Оның пікірінше, қоғамдағы барлық адам зиянды әдеттен бірдей бас тарта бермейді. Сондықтан мемлекет алдында екі түрлі таңдау тұрады: адамдарды бұрынғы әдетімен қалдыру немесе зияны төмен балама ұсыну.

Ол Швеция осы бағыттағы екінші жолды таңдағанын атап өтті. Соның нәтижесінде бұл ел темекі тұтыну деңгейі ең төмен мемлекеттердің қатарына кірген.
Фото: дереккөз



