Қоғам

Адамды өзгертетін не: уақыт па, орта ма?

Шынында да, өмір тоқтаусыз ағып жатқан өзен секілді. Оның ағысымен бірге адам да өзгереді, толысады, кейде жаңылады, кейде жаңғырады

“Адам мың құбылады, заман бір құбылады”, – дейді дана халқымыз. Шынында да, өмір тоқтаусыз ағып жатқан өзен секілді. Оның ағысымен бірге адам да өзгереді, толысады, кейде жаңылады, кейде жаңғырады. Бірақ адамды шын мәнінде өзгертетін не? Жылдардың жылжуы ма әлде айналасын қоршаған орта ма? Бұл бір ауыз сөзбен жауап бере салатын сұрақ емес. Меніңше, уақыт – адамның үнсіз ұстазы, ал орта – оның өмір кітабының алғашқы беттерін жазатын қаламгері.

Уақыт ешкімді айналып өтпейді. Ол біреудің маңдайына әжім, біреудің жүрегіне даналық салады. Кеше ғана өмірдің мәнін ойыннан іздеген бала, бүгін отбасының тірегі, елдің азаматына айналады. Қуаныш та, қиындық та, жеңіс пен жеңіліс те адамның жан дүниесіне із қалдырады. Сондықтан біздің қазақ “Уақыт – емші”, – деп бекер айтпаған. Ол өкінішті жеңілдетеді, тәкаппарды сабасына түсіреді, әлсізді шыңдайды, мықтыны сынайды. Алайда уақыттың өзі адамды ізгі ете алмайды. Тастың да үстінен жылдар өтеді, бірақ ол адамға айналмайды. Адамды адам ететін – тәрбие мен орта. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің”, – деген нақылдың өміршеңдігі де осында. Баланың алғашқы ұстазы отбасы болса, алғашқы мектебі де сол туған шаңырағы. Әкенің өнегесі, ананың мейірімі, ұстаздың тәлімі, достың ықпалы, бәрі-бәрі адамның болмысын қалыптастыратын алғашқы іргетасы іспетті.

Жақсы ортаға тап болған адам қанатын кеңге жайып, өсіп-өнеді. Ал ортасы орамсыздың өмірге көзқарасы да, бағыты да өзгеруі мүмкін. Сондықтан дана қазақтың “Жолдасыңа қарап, жолыңды таны” дегені бекер емес. Себебі адам кейде өзі байқамай-ақ сол ортаның айнасына айналады. Дегенмен адам тағдыры тек уақыт пен ортаға ғана тәуелді емес. Оның ең басты тірегі – өз таңдауы. Бір үйде тәрбиеленіп, бір мектепте оқыған екі адамның өмір жолы екі басқа болады. Бірі биікке самғаса, екіншісі сүрінуі де әбден мүмкін. Өйткені адамның қандай тұлға болып қалыптасуы өзінің ішкі ерік-жігері, мақсат-мұратына байланысты. “Жігерлі болсаң, алынбайтын асу жоқ” деген даналық осыдан қалған.

Қазір қоғамда бұл сауалдың салмағы тіпті арта түсті. Ақпарат ағыны адам ойын күн сайын өзгертеді. Әлеуметтік желіде желдей ескен мағлұматтар жас буынның көзқарасына әсер етіп, кейде ақиқат пен жалғанның аражігін ажыратуын қиындатады. Осындай кезеңде әр адам өз уақытын бағалап, ортасын дұрыс таңдай білуі қажет. Өйткені уақыт қайта оралмайтын қазына, ал орта болашаққа бастайтын жол.

Мен болашақ журналист ретінде адамның өзгеруі жайлы ойланғанда, ең алдымен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінемін. Себебі журналист тек ақпарат таратушы емес, қоғамдық пікір қалыптастыратын тұлға. Бір ауыз сөздің өзі адам тағдырын өзгертуі мүмкін. Демек, журналистің сөзі де біреуге үлкен сабақ, біреуге өмірлік бағдар бола алады. Сондықтан қалам ұстаған жан ең әуелі өзінің адамдық болмысын тәрбиелеуі керек.

Қысқасы, адамды уақыт та, орта да өзгертеді. Бірақ бұл құндылықтар кісі тағдырын өздігінен шешпейді. Уақыт тәжірибе береді, орта тәрбие береді, ал сол екеуінен тағылым алып, дұрыс жолды таңдау адамның өз қолында. Абай атамыздың “Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға”, – деген өсиеті де осыны меңзегендей. Өмірдің әр сәтінен сабақ алып, жақсы ортадан тәлім  жиған адам ғана өзін де, қоғамды да өзгерте алатын тұлғаға айналады.

Альбина ҰЛЫҚПАН

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button