Жетістікке талант жеткізе ме әлде еңбек пе?
Бірі табиғи дарын бәрінен биік десе, енді бірі маңдай тер мен табандылық басым дейді. Меніңше, жетістіктің ең сенімді жолы – еңбек
“Талант – Алланың берген сыйы, еңбек – адамның өзіне берген сыйы”, – деген қанатты сөз бар. Адам баласының жетістікке жету жолында қос құндылықтың қайсысы маңыздырақ деген сауалға қоғамда түрлі талқы көп. Бірі табиғи дарын бәрінен биік десе, енді бірі маңдай тер мен табандылық басым дейді. Меніңше, жетістіктің ең сенімді жолы – еңбек.
Қазақ халқы “Еңбек түбі – береке”, “Бейнет түбі – зейнет”, “Талапты ерге нұр жауар” деп бекер айтпаған. Мәйекті мақалда адамның өмірдегі орнын талант емес, ең алдымен еңбегі айқындайтыны айтылған. Әрине, таланттың барын жоққа шығаруға болмайды. Біреуге қоңыр үнді дауыс, енді біріне қылқалам ұстау икемділігі, ғылымға құштарлық немесе спортқа бейімділік табиғатынан беріледі. Бірақ сол қабілет әрі қарай шыңдалмаса, оның нәтиже беруі екіталай. Суарылмаған бақшаның солып қалатыны секілдә, еңбексіз талант та жеміс бермейді.
Адамның бойында 1-ақ % талант болса да, 99 % еңбек қана бәрін жеңеді. Мұны мен емес, халқымыз айтқан. Демек, бұл даналықтың астарында үлкен өмірлік шындық жатыр. Дарын тек бастама, ал оны үлкен жетістікке жеткізетін күш – тынымсыз еңбек. Керісінше, 99% таланттың өзі 1% еңбекпен ұштаспаса, ол адамды биікке шығара алмайды. Өйткені талант тұтанған ұшқын ғана, ал оны лапылдаған жалынға айналдыратын – маңдай тер мен табандылық.
Тарихқа көз салсақ, әлемге әйгілі Альберт Эйнштейн, Чарли Чаплин, Томас Эдисон сияқты тұлғалар жетістікке тынымсыз ізденіс пен қажырлы еңбектің арқасында жеткен. Қазақтың атын әлемге әйгілі еткен дана Абай, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейханов сияқты зиялылар да өмір жолын ілім-білім, ізденіске арнады. Сүрінді, қайта тұрды, бірақ мақсатынан ешқашан айныған жоқ. Сондықтан олардың есімі уақытпен бірге өшпей, тарих бетінде жатталып қалды.
Абай атамыз “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей”, – деп бекер айтпаған. Бұл сөздің мәні тек адал еңбекпен күн кешуде емес, адамның арманы мен мақсатына жетуі еңбегіне байланысты екенін меңзейді.
Адам бойындағы талант өмірлік жол көрсетуі мүмкін, бірақ сол жолды соңына дейін алып жүретін – еңбегі. Сондықтан мен жетістіктің басты кілті еңбек деп білемін. Өйткені таланттылық қана емес, мол ізденіс мен талмай еңбектену асқар шыңдарды бағындыра алады. Ал еңбексіз талант жай ғана ашылмай қалған мүмкіндік сияқты. Тамшының тасты да тесетіні сияқты тынымсыз еңбек те адамды арманына бір қадам болса да жақындата береді.
Ал мен өзімнің арманыма жету жолында үздіксіз ізденіп, тынымсыз еңбек етіп келемін. Өйткені сол ізденісімнің арманыма жетелейтініне сенемін. Арманым алдамайды, тілші болып қазақ журналистикасында өз ізімді қалдырғым келеді. Бұл жолда ең бастысы, еңбектенуді ешқашан тоқтатпаймын.
Альбина ҰЛЫҚПАН



