Денсаулық

Бірегей операция: Медициналық орталық ауруханасының дәрігерлері жүрекке және тоқ ішекке бір мезгілде ота жасады

Бұл – аурухана дәрігерлерінің жоғары біліктілігін көрсететін бірегей операция

ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының хирургтері бір ғана наркозбен екі күрделі операция жасады. Олар науқастың жүрегіне ота жасап, тоқ ішегіндегі ісікті алып тастады. Бұл – аурухана дәрігерлерінің жоғары біліктілігін көрсететін бірегей операция, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

72 жастағы ер адам ауруханаға жүрегіне жоспарлы операция жасау үшін келген. Алайда операция алдындағы міндетті тексеру барысында дәрігерлер оның тоқ ішегінен ісік анықтады. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлар пациенттердің шамамен 2-3%-да кездеседі және емдеу тәсілін аса мұқият таңдауды қажет етеді. Себебі алдымен жүрекке операция жасалса, ісік ұлғайып, асқынуы мүмкін. Ал ісікті бірінші алып тастау инфаркттан кейін әлсіреген жүрекке қосымша салмақ түсіріп, үлкен қауіп төндіреді.

Осыған байланысты кардиохирургтер, онкохирургтер және анестезиологтер қатысқан мультидисциплинарлық консилиум өтіп, екі операцияны бір мезгілде жасау туралы шешім қабылданды. Науқастың наркозда болатын уақытын мүмкіндігінше қысқарту үшін операцияның әр кезеңі алдын ала жан-жақты жоспарланды.

Алдымен кардиохирургтер төс сүйегін кеспей, қабырғалар арасындағы шағын тілік арқылы аортокоронарлық шунттау операциясын жасады. Кейін онкохирургтер лапароскопиялық әдіспен тоқ ішектің зақымданған бөлігін алып тастап, оның тұтастығын қалпына келтірді.

«Біздің клиникада мұндай жоғары технологиялы операцияларды жасау тәжірибесі мол. Аз инвазиялы әдістің арқасында пациент операциядан кейін тезірек оңалып, қалпына келуде», – деді ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының кардиохирургі Арайгүл Ыдырышева.

«Мен 72 жастамын. Инфаркттан кейін жүрегіме жоспарлы операция жасау үшін осы ауруханаға келдім. Тексеру барысында дәрігерлер тағы бір сырқатты анықтады. Олар жан-жақты ақылдасып, екі операцияны бір наркозбен жасау туралы шешім қабылдады. Барлығы сәтті өтті. Қазір өзімді өте жақсы сезінемін», – деді пациент.

Басқа жаңалықтар

Back to top button