Қоғам

Тоқаев Қазақстанда «Алтын виза» енгізуді ұсынды

Ол кімдерге берілуі мүмкін?

Қазақстан кәсіби білімі жоғары мамандарды, жаңа технологиялар мен шетелдік инвестицияны көбірек тартуы үшін «Алтын виза» енгізуі мүмкін. Бұл бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы отырысында көтерді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, елге қажетті кадрлар мен капиталды тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда бұл процесті жаңа тетік арқылы жандандыру қажет.

Біз елімізге кәсіби тұрғыдан жоғары білікті мамандарды, заманауи технологияларды және шетел капиталын көптеп тарту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл іске тың серпін беру үшін “Алтын визаны” енгізудің маңызы зор, – деді Тоқаев.

Президент көші-қон саясатын да заман талабына сай жетілдіру керектігін айтты. Үкімет осы бағыттағы заң жобасын әзірлеп, Құрылтай қарауына ұсынуы тиіс.

Қандай заңдар қабылданбақ?

Тоқаев депутаттарға жаңа сессия барысында бірнеше маңызды заң жобасын жедел қарауды тапсырды.

Атап айтқанда, жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу, цифрлық активтер нарығын дамыту және Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыруға бағытталған заңнамалық өзгерістер дайындалмақ.

Сонымен бірге Үкіметке «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын әзірлеу міндеті қойылды.

Президент бұл құжат елдің зияткерлік әлеуетін арттыру үшін қажет екенін атап өтті.

Шәмші Қалдаяқов атындағы медаль енгізіледі

Мемлекет басшысы ұлттық мәдениет саласына қатысты жаңа марапаттар енгізу бастамасына да тоқталды.

Оның айтуынша, «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын бекіту жоспарланып отыр.

Бұл марапаттар музыка мен бейнелеу өнерін дамытуға және жалпы ұлттық мәдениетке елеулі үлес қосқан азаматтарға берілмек.

Енді аталған бастамаларды жүзеге асыру үшін қажетті заңнамалық негіз қалыптастырылуы керек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button