Қоғам

«Қыз зорлап, кісі өлтірген жоқ»: Гүлзира Айдарбекова Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты пікір білдірді

Ол 2 жыл 3 айдың орнына жеңілірек жаза тағайындауға болатын еді деп санайды

Продюсер Гүлзира Айдарбекова 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылған актер әрі блогер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, сот тағайындаған жазаны жеңілдетуге болар еді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Гүлзира Айдарбекова Нұрсұлтан Жақсыгенді жақын танымайтынын айтты. Дегенмен оның артында ата-анасы мен бала-шағасы қалғанын ескеріп, жазаны жеңілдету мәселесін қарастыруға болар еді деген пікір білдірді.

«Мүмкіндік болса, соншалықты қатыгездік танытпауға да болар ма еді. Ортада бала-шағалары бар шығар. Кісі өлтіріп, қыз зорлап, ұрлық жасаған жоқ. Жеңілдеткені дұрыс-ау. Кімнің басынан не өтпейді, ешқайсыңыздың бала-шағаңыздың басына бермесін», – деп жазды продюсер.

Фото: скрин

Айдарбекова Жақсыгеннің жазасыз қалуын сұрап отырмағанын да атап өтті. Алайда 2 жыл 3 айдың орнына жеңілірек жаза тағайындауға болатын еді деп санайды.

«Жазасын алу керек, бірақ кішкене жеңілдетіп, 2 жарым жыл емес, 1 жыл да жеткілікті ме дегенім ғой. Ол жақтан түзеліп емес, қаны безер келуі де мүмкін ғой. Сырттай көріп жүргенім болмаса, аса бір танымайды екенмін, қандай адам екенінен де хабарым жоқ. Әйтеуір ата-анасы бар, бала-шағасы бар, ешкім жыламаса екен дегенім ғой», – деді Гүлзира Айдарбекова.

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының Қарасай аудандық соты Нұрсұлтан Жақсыгенді Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша, яғни онлайн-платформаларды пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп таныған.

Сот үкімімен актер 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынған. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button