Бала тууға байланысты жәрдемақы: кімге қанша теңге беріледі және оны қалай алуға болады
Өтінішті кез келген ХҚО-да беруге болады
Биылғы 8 айда бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақыны 200 мыңнан астам отбасы рәсімдеді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Тағайындалған төлемдер саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр — мұнда 28 мыңнан астам жәрдемақы рәсімделген. Алматы қаласында 19 мыңнан астам, ал Астана қаласы бойынша 17 мыңнан астам жәрдемақы берілген.
Жәрдемақыны проактивті форматта да алуға болады. Бала тууы тіркелгеннен кейін ата-анаға SMS-хабарлама келеді. Келісімді растап, банк шотын көрсеткеннен кейін төлем автоматты түрде тағайындалады. 2026 жылы жәрдемақы мөлшері бірінші, екінші және үшінші балаға — 164 350 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға — 272 475 теңге, — делінген хабарламада.
Өтінішті кез келген ХҚО-да беруге болады. Ол жағдайда қызмет 7 жұмыс күні ішінде көрсетіледі. Ал электронды үкімет порталы немесе екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы өтініш берген жағдайда, қызмет 4 жұмыс күні ішінде көрсетіледі.
Құжаттарды бала туған күннен бастап 18 ай ішінде тапсыру маңызды. Осы мерзім өткеннен кейін жәрдемақы алу құқығы жойылады.



