«Қазақтар, рақмет!»: Алматыдағы таксистің қарапайым көмегі ресейлік қызды жылатты
Ол телефонында интернет болмағандықтан, өзінің жүргізушісін бақылай алмай қалған
Ресейлік Мария есімді бойжеткен Алматыда тап болған қарапайым жағдайды әлеуметтік желіде бөлісіп, қала тұрғындарының мейірімділігіне тәнті болғанын айтты, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Марияның сөзінше, ол такси шақырған. Алайда телефонында интернет болмағандықтан, өзінің жүргізушісін бақылай алмай қалған. Сол кезде жанына басқа такси тоқтаған.
Мен оған: «Өкінішті, сіз менің таксистім емес екенсіз. Өз жүргізушімді бақылай алмай тұрмын, интернетім жоқ», – дедім. Ол: «Интернетімді сізге таратып берейін», – деді, – деп оқиғасын баяндаған Мария.
Осы уақытта таксиге басқа жолаушы қыз отырған. Жүргізуші одан Марияға көмектесу үшін, біраз күте тұруын сұраған.
Ол жолаушы қызға: «Күте тұрасыз ба? Ол өз таксистін таба алмай тұр», – деді. Ол келісім берді, – деді Мария.
Ресейлік қыз бейтаныс адамдардың осындай қарапайым көмегіне қатты әсерленгенін айтып, көз жасына ерік берген.
Мұндағы адамдар сондай мейірімді екен. Қазақтар, мені қатты толқыттыңыздар, – деді ол.



