Астанада екінші әуежай салу жоспарда бар ма? Әкім түсіндірді

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордада екінші әуежай салынуы мүмкін деген әңгімелерге қатысты пікірін айтты.
— Бұл — жай ғана қауесет. Дегенмен алдағы уақытта қосымша әуежай қажет болған жағдайда, қаланың Бас жоспарында оған арналған бірнеше орын қарастырылған, — деді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, кез келген астана даму барысында бір емес, бірнеше әуежайға мұқтаж болуы мүмкін.
— Қазіргі кезеңде біз қолданыстағы әуежайдың әлеуетін барынша тиімді пайдалануға басымдық беріп отырмыз. Оның өткізу қабілетін екі есеге дейін арттыру жоспарда бар. Алайда келешекте әуежайдың теміржол инфрақұрылымынан қашық орналасуы ескеріліп, балама нұсқалар қарастырылуы ықтимал, — деп атап өтті қала басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Жеңіс Қасымбек Кіші Талдыкөл аумағында экопарк салу жұмыстарының биыл не себепті басталмағанына да түсініктеме берген болатын.



