Жыл қортындысы: Үздіктер. Қазақ хирургы енгізген әлемдік жаңалық
Қазақстанда балалар хирургиясы қалай дамып жатыр? Әлемде бірінші боп жаңа ота түрлерін жасап жатқан дәрігерлер бізде бар ма? Бүгін біз Ұлттық медициналық орталығы балалар кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты балалар кардиохирургы, Нұркеев Бақытжан Әбидоллаұлымен сұхбаттастық.
Бақытжан Әбидоллаұлы 2011 жылы Мәскеудегі А.Н.Бакулев атындағы жүрек қан-тамыр хирургиясы Ұлттық медициналық зерттеу орталығының аспирантурасын тәмәмдап, елге оралған соң Ұлттық медициналық орталықта 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Бақытжан Әбидоллаұлы, балалар хирургиясын таңдауға не себеп болды?
- Балалар кардиохиругиясын таңдаған себебім, студент кезде жүрек ауруымен ауыратын науқас балаларды көрсететін. Ол кезде күрделі диагноз қойылған науқас балаларға ота жасау біздің елде жоқ еді. Мен сол оқуда жүрген уақытта бірден балаларға көмектесем деген шешімге келдім. Қазір біз елімізде бұрын жасалмайтын операцияларды үйреніп, өзіміз бастамашы болып балалардың өмірін ұзартып жатырмыз. Бұл әрине командалық жұмыс. Ортақ нәтиже. Балалар кардиохирургиясы мүлде дамымады деп айтуға болмайды. Себебі Алматыдағы А.Н Сызғанов атындағы институттың өз тарихы, жетістіктері бар. Ал біздің Ұлттық Медициналық орталықта қазір диагнозы күрделі науқас балаларға жаңа технологиямен оталар жасалуда.
Ортылықта қандай жаңа ота түрлері жасалады?
- Біз осы уақытқа дейін жаңа оталарды енгіздік. Мысалы double switch деген операция бар. Ол жүректің клапондарын өсіретін ота түрі. Сондай-ақ өкпеге де өз тінінін алып клапондары өсіру әдісін енгіздік. Және гибридті операциялар қарқынды дамып келеді. Және біз жүректі тоқтатпай оның қарыншалық тесігіне бірінші болып ота жасадық. Бұл кеудені ашпай жасайтын ота түрі. Осы операциядан соң науқастың реабилитациясы тез өтеді. Ал биылғы жетістігіміз Эбштейн аномалиясы диагнозы қойылған балаларға әлем бойынша бірінші боп жаңа ота түрін жасадық. Бұған дейін Эбштейн аномалиясына операция жасалған, бірақ біз оны жаңартылған әдіспен жасадық. Яғни бұрын осы отадан соң жүрек клапоны қатып қалатын. Ал біз жасаған ота түрінде клапон ешқашан қатпайтын болады. Біз бұл әдісті шет елде қорғадық, бәрі мойындады. 5 жылдан соң әлемдік стандарттарға енеді деп сенеміз.
Қазір осы Эбшейтін аномалиясы диагнозы бойынша ота жасалған балалардың жағдайы қалай?
- Бұл операцияны біз тек бір балаға емес 40 шақты балаға жасадық. Қазір асқынулар жоқ. Бәрі үйлеріне аман-есен шықты. Енді оларды біз бақылауда ұстаймыз. Олардың көбісі аймақтарда тұрады. Бұл отаны бірінші боп жасаудағы мақсат біреу – науқастардың өмір сүру уақытын ұзарту және емді елімізде квота арқылы тегін жасау.
Жұмыс кезінде операция залында атомосфера қандай болады? Үрей, қорқыныш сезімі бола ма? Қанша адам қатысады?
- Ол операция түріне байланысты. Жеңіл ота кезінде әңгімемізді айтып емен-жарқын боламыз. Ал күрделі операция кезінде әрине қаталдық, жауапкершілік бірінші орында тұрады. Ол кезде артық сөз, артық қимыл жасауға болмайды. Мен енді операция залында өте қаталмын. Оны әріптестерімде жиі айтады. Негізінен операцияға хирурург, екі ассистен хирург, медбике, анестизиолог, анезстезист және дәрігер перфузиолог болады.
Жұмыста сіз үшін ең қиыны не?
- Мен үшін ең қиыны ата-анаға баласының дүниеден өткенін жеткізу. Әсіресе өсіп қалған, отбасы мүшелері бауыр басып қалған балалар көз жұмса өте ауыр. Әрине ата-аналары олардың диагнозын біледі, түсінеді дегенмен барлығында үміт болады. Осындай сәтте расымен бізге де, ата-аналарға да қиын.
Сіз операция жасаған ең кішкентай пациент есіңізде ме?
- Орталықта жаңа туған нәрестелерден бастап 18 жасқа дейінгі балаларға ота жасалады. Мен өзім жасаған ең кішкентай салмақтағы нәресте 500 гр болды.
Сіздің орталықта хирург әйел адамдар бар ма?
Бір балалар кардихирургы жұмыс істейді және қазір бір резидентім бар. Ендігі мақсатым ота жасайтын әйел кардиохирургтарды көбейткім келеді. Шет елдік әріптестеріміз бізден әйел хирургтар бар ма деп үнемі сұрайды. Өйткені шет елде бізге қарағанда ота жасайтын әйелдер көп.
Сіздің демалатын, жұмысты ойламайтын сәттеріңіз бола ма?
- Мен қазір еңбек демалысындамын. Алысқа ешқайда кетпедім, осы қаладамын. Демалыстан келгенше орталықта жеңіл операциялар жасайтындай жоспарлап кеттім. Негізі 24/7 байланыстамын. Кез-келген уақытта жұмысқа шақырып қалады. Ал миым тынығатын жер ол – ата-анамның үйі. Сондықтан мүмкіндік болса туған елге, Шымкентке баруға тырысамын.
Алда қандай жоспар, мақсаттарыңыз бар?
- Менің бар мақсатым ол елімізге балалардың жүрегіне жасалатын жаңа ота түрлерін енгізу. Отандық балалар хирургиясын дамыту. Сондықтан үйрену, оқудан ешқашан жалықпаймын. Біздің елде жыл сайын халық саны артып жатыр. Сәйкесінше дәрігерлерге де қажеттілік туындайды. Мықты маман дайындау, озық технологиялық әдіспен операция жасау басты міндет деп білемін.



