Қоғам

5 күн бойы бағасы 2800 теңгеден басталатын жәрмеңке өтеді

Астанада демалыс күндері ұйымдастырылатын «Соғым Fest» ет жәрмеңкесінің уақыты ұзартылды. Биыл жәрмеңке 27 желтоқсаннан 31 желтоқсанға дейін, яғни бес күн қатарынан жұмыс істейді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жәрмеңке аясында елорда тұрғындары мен қонақтары жаңа жылдық дастарқанға арналған ет өнімдерін нарықтағыдан төмен бағамен сатып ала алады. Сонымен қатар ауылшаруашылық өнімдерінің кең таңдауы ұсынылады.

Сауда алаңына Ақмола, Түркістан, Павлодар, Абай және Қарағанды облыстарынан келген шаруалар өз өнімдерін делдалсыз жеткізеді. Осыған байланысты ет бағасы айтарлықтай қолжетімді болмақ. Атап айтқанда, жылқы еті килограмына 2800 теңгеден, сиыр еті 3000 теңгеден басталады. Қой еті 3000–3200 теңге аралығында, ал қаз еті 2500 теңгеден саудаланады.

«Соғым Fest» жәрмеңкесі Алаш тас жолы, 35Б мекенжайында орналасқан «Keryen Joly» сауда орталығының автотұрағында өтеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button