Астананың «Алматы» ауданында «Ұмай» әлеуметтік орталығы ашылды

Елордадағы «Алматы» ауданында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдауға бағытталған «Ұмай» әлеуметтік-ресурстық орталығы іске қосылды. Жоба «Ерекше аналар» қоғамдық қорының бастамасымен жүзеге асырылып отыр.
Қоғамдық қор 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық диагнозы бар балаларға оңалту және түзету бағытындағы арнайы қызметтер көрсетеді. Қазіргі таңда бұл көмекті 350-ден астам бала алып отыр. Барлық қызметтер ата-аналар үшін тегін ұсынылады.
Жаңа орталық ата-аналарға психологиялық, кеңестік және ақпараттық қолдау көрсетуге арналған ашық алаң ретінде жұмыс істейді. Сонымен қатар мұнда ата-аналардың бастамаларын дамытуға және қоғамдағы белсенділігін арттыруға жағдай жасалған.
Айта кетейік, биыл «Алматы» ауданы аумағында осындай екі әлеуметтік бағыттағы орталық ашылған. Аудан әкімдігі ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды алдағы уақытта да қолдай бермек.
«Ұмай» әлеуметтік-ресурстық орталығы Астана қаласы, «Алматы» ауданы, М. Төлебаев көшесі, 5 мекенжайында орналасқан.



