Қоғам

БҚО-да ер адам бұрынғы әйелінің интимді фотоларын таратып жіберген

Күдікті өз кінәсін мойындап, айғақтар берді

БҚО-да интимдік материалдарды заңсыз таратқан күдіктіге қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасаған NewsMedia.kz.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 147-бабының 4-бөлігіне сәйкес, жеке адамның жеке өміріне қатысты, оның жеке құпиясын құрайтын мәліметтерді оның келісімінсіз заңсыз тарату қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен жазаланады.

Аталған бап бойынша Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің аудандық полиция бөлімдерінің бірінде қылмыстық іс қозғалды. Жедел-тергеу іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Жәбірленушінің бұрынғы жұбайы WhatsApp мессенджері арқылы өзінің бұрынғы әйелінің интимдік фотоматериалдарын оның келісімінсіз заңсыз таратқан.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Бүгінде күдікті өз кінәсін мойындап, айғақтар берді. Тергеу әрекеттері барысында қылмыстық құқық бұзушылықты жасау құралы ретінде пайдаланылған ұялы телефон тәркіленді.

Полиция жеке және бұрынғы отбасылық қатынастар жауапкершіліктен босатпайтынын, ал жеке және интимдік материалдарды келісімсіз тарату, оның ішінде цифрлық ортада, қылмыстық әрекет болып табылатынын ескертеді.

Фото: t-j.ru

Басқа жаңалықтар

Back to top button