Конституция жобасында талқылауды қажет ететін тұжырымдар кездеседі – Нұрлан Көптілеуов
Институт директоры қазіргі кезеңде өз ұстанымдарын саналы түрде үш блокқа бөлгендерін айтты

Конституция жобасы жарияланып, қоғамдық талқылауға шығарылды. Азаматтық қоғам бұл үдерістен шет қалған жоқ: бұған дейін өз тарапымыздан тұжырымдамалық ұсыныстар пакеті жолданған болатын. Оның бір бөлігі ашық түрде жария етілді, ал алғашқы пакеттегі жекелеген ережелер, соңғы жария мәлімдемелерден аңғарылғандай, ең жоғары саяси деңгейде қолдау тапты. Біз бұл жайтты тіркеп, бекітіп және алға қарай қозғалып келеміз.
Бұл туралы Азаматтық интеллект және қоғам инновацияларын дамыту институтының директоры Нұрлан Көптілеуов facebook-парақшасында жазды, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Осы орайда институт директоры қазіргі кезеңде өз ұстанымдарын саналы түрде үш блокқа бөлгендерін айтты.
1). Жобада біз қолдайтын және бұл жөнінде бұрыннан ашық айтып келе жатқан нормалар бар;
2). Сондай-ақ мазмұндық тұрғыдан сұрақтар тудыратын әрі қосымша талқылауды қажет ететін тұжырымдар да кездеседі;
3). Ал кейбір нормалар бойынша азаматтық қоғам сақтықтан емес, олардың институционалдық салдарына деген жауапкершіліктен туындайтын күтуге негізделген аналитикалық позицияны ұстанады;
Өз тарапымыздан алдағы күндері соңғы екі позиция бойынша ойларымызды түйіндейміз, – деді ол.
Сондай-ақ Нұрлан Болатұлы Конституцияны талқылау эмоцияға немесе саяси конъюнктураға тәуелді болмауы тиіс деп есептейтіндерін, бұл үдеріс құқықтық сипаты айқын, философиялық тұрғыдан байыпты әрі мемлекетшілдік рухтағы жетілген қоғамдық диалогқа айналуы қажет екенін жеткізді.
Фото: facebook.com



