«Бұйрыққа бағынбағандарды ату керек! Билік болсам көре жатарсыңдар»: Депутат Самат Нұртаза тағы да елді дүрліктірді
Мәліметтерге сәйкес, бұл пікірлер 2020 жылы пандемия кезінде, Самат Нұртаза депутат болмай тұрып жарияланған

Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Нұртазаға қатысты әлеуметтік желіде тағы бір жаңа дау туындады. Бұған дейін оның атымен тараған «қазақ тілі – кедейлердің тілі» деген пікір қоғамда қызу талқыланған болатын, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Сарказммен, эмоциямен жаздым»: Депутат Самат Нұртаза қазақ тілі туралы пікіріне қатысты мәлімдеме жасады
Mangilik-el.kz-тің жазуынша, енді Facebook қолданушысы Эльмар Хусаинов өз парақшасында Самат Нұртазаның атымен жазылған тағы бір пікірдің скриншотын жариялаған. Онда:
Әскерді периметрмен тізіп қойып, бұйрыққа бағынбағандарды ату керек. 4–5 адамды атқаннан кейін тынышталады. Біздің халық қорыққанын сыйлайды, – деген сөздер келтірілген.
Сондай-ақ әлеуметтік желі қолданушысы «Биліктің позициясы осы» деп жазғанда, скриншоттағы жауапта Самат Нұртаза:
Біріншіден, мен билік емеспін. Екіншіден, билік болсам, көре жатарсыңдар, – деп жауап бергені көрсетілген.

Мәліметтерге сәйкес, бұл пікірлер 2020 жылы пандемия кезінде, Самат Нұртаза депутат болмай тұрып жарияланған.
Бұл жағдайға байланысты қоғамда түрлі пікір қалыптасты. Кейбір желі қолданушылары мұндай көзқарастағы адамның халық қалаулысы болуы қоғам үшін алаңдатарлық жағдай екенін айтып, сын білдіруде.
Өз кезегінде Самат Нұртаза бұл жазбаның мән-жайын түсіндірді. Оның айтуынша, ол пікірді пандемия кезіндегі ауыр жағдайдың әсерімен жазған.
Сол кезде адамдар дәрігерлердің ескертуіне қарамастан, жасырын түрде той өткізді. Біз адамдардың кештерден қашып жүргенін көрдік. Сол уақытта әлеуметтік желілерде көптеген адам көңіл айтты. Менің де коронавирус салдарынан қайтыс болған жақындарым болды. Сондықтан ашу мен қайғының әсерімен осындай пікір жаздым, – деді депутат.
Фото: әлеуметтік желіден



