«Құда-құдағилар әлі танысқан жоқ»: Шетелдікке тұрмысқа шыққан журналист жан сырын ақтарды (ВИДЕО)
Эдуард бұған дейін он жылдан астам уақыт бойдақ жүрген

Белгілі журналист, «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы Жанар Байсеміз жеке өміріне қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Ол журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында болашақ жарымен қалай танысқанын айтып өтті.
Журналистің сөзінше, олар Атырау қаласында кездейсоқ кездескен.
Жанар Байсеміздің айтуынша, ол кезде жолдасы Эдуард жұмыс бабымен Атырауға келген, ал өзі сол қалада қызмет етіп жүрген. Кездейсоқ басқосуда жолығып, кейін жақын араласа бастаған.
Журналист Эдуардтың өзіне деген ниеті басынан-ақ анық болғанын айтады. Оның сөзінше, болашақ жары қарым-қатынасқа үлкен жауапкершілікпен қарап, уақыт өткізу немесе көңіл көтеру үшін емес, шынайы отбасы құру ниетімен келген. Эдуард бұған дейін он жылдан астам уақыт бойдақ жүрген.
Сұхбат барысында Жанар Байсеміз көрермендер тарапынан айтылатын «сізді шетелдік азаматқа қимаймыз» деген пікірлерге де тоқталды. Ол мұндай пікірлерді көрерменнің жанашырлығы мен ықыласы ретінде қабылдайтынын айтты.
Журналистің сөзінше, ол өмірлік жарын ұлтына қарап таңдамаған. Бұрын ұлт мәселесіне басқаша қарайтын болғанымен, қазір адамды ұлтына қарап бөлмейтінін жеткізді. Сонымен қатар шетелдік азаматқа тұрмысқа шығуды алдын ала жоспарламағанын, бұл өмірдегі табиғи таңдау болғанын айтты.
Сондай-ақ Жанар Байсеміз ата-анасының бұл шешімді қалай қабылдағаны туралы да бөлісті. Оның айтуынша, ата-анасы тарапынан ешқандай қарсылық болмаған. Анасы алғашында таңырқап қалғанымен, әкесі бірден батасын берген.
Журналист өзін отбасының тұңғышы екенін, жасы 38-ге келгенде өмірлік шешімді өзі қабылдауға толық құқығы бар екенін атап өтті. Ата-анасы да оның таңдауын қолдаған.
Ол сондай-ақ екі жақтың туыстары әлі толық танысып үлгермегенін айтты. Жолдасының анасы Украинада тұрады. Ерлі-зайыптылар Украинаға барып қайтқанымен, кейін соғыс басталып кетуіне байланысты екі жақтың құдалары әлі жүздесе алмаған.
Фото: видеодан скрин



