Ақбаян Жолдасбекова: «Когнитивтік денсаулық» дегеніміз – мидың қалыпты әрі тиімді жұмыс істеу қабілеті
Оған есте сақтау, зейін қою, ойлау, ақпаратты қабылдау және өңдеу сияқты маңызды функциялар жатады

Цифрлық технологиялар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған заманда ұмытшақтық, зейіннің шашырауы мен ақпараттық шаршау көпшілікке таныс құбылысқа айналды. Бұл күнделікті күйбеңнің салдары ма, әлде когнитивтік бұзылыстардың алғашқы белгісі ме? Ми саулығын ұзақ жылдар бойы қалай сақтауға болады және есте сақтау қабілетінің әлсіреуіне қандай факторлар әсер етеді? Осы және өзге де өзекті сұрақтарға ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының неврологі Ақбаян Жолдасбекова жауап берді.
Ақбаян Бақытжанқызы, «когнитивтік денсаулық» дегеніміз не? Есте сақтау, зейін және ойлау қабілеті адамның өмір сапасына қалай әсер етеді?
«Когнитивтік денсаулық» дегеніміз – мидың қалыпты әрі тиімді жұмыс істеу қабілеті. Оған есте сақтау, зейін қою, ойлау, ақпаратты қабылдау және өңдеу сияқты маңызды функциялар жатады. Бұл қабілеттер адамның күнделікті өмірінде ерекше рөл атқарады. Біз жұмыс істегенде, білім алған кезде, көлік жүргізгенде немесе қарапайым тұрмыстық мәселелерді шешкенде дәл осы функцияларға сүйенеміз. Сондықтан олардың әлсіреуі адамның жұмысқа қабілеттілігіне ғана емес, жалпы өмір сапасына да кері әсерін тигізеді.
Қазіргі таңда адамдар қандай когнитивтік мәселелермен жиі кездеседі? Соңғы жылдары ұмытшақтық, зейіннің төмендеуі сияқты шағымдар көбейді ме?
Иә, соңғы жылдары адамдар ұмытшақтыққа, зейіннің төмендеуіне, тез шаршауға және ақпаратты есте сақтаудың қиындауына жиі шағымданады. Мұндай мәселелерді тек егде жастағы адамдардан ғана емес, еңбекке қабілетті жастағы адамдар мен жастардан да естіп жүрміз. Бірақ бірден когнитивтік бұзылыс туралы айту дұрыс емес. Көп жағдайда бұл ұйқының бұзылуымен, созылмалы күйзеліспен, жұмыс жүктемесінің артуымен, гаджеттерді шамадан тыс қолданумен байланысты болады. Адамның миы үнемі үлкен көлемдегі ақпаратты өңдеуге мәжбүр болған кезде зейіннің шоғырлануы мен есте сақтау қабілеті уақытша төмендейді. Кейбір жағдайларда олардың артында неврологиялық немесе басқа да медициналық себептер болуы мүмкін.
Есте сақтау қабілетінің нашарлауы мен зейіннің төмендеуін көп адам шаршаумен байланыстырады. Қай кезде бұл белгілерді елемей жүре бермей, неврологке қаралған дұрыс?
Тәжірибеде мұндай шағымдар көбіне мазасыздық, депрессия, созылмалы ауырсыну синдромдары және ұйқының бұзылуы (инсомния) сияқты жағдайлармен байланысты болады. Адам миы үнемі ауырсынумен немесе эмоционалды күйзеліспен күрескен кезде зейін қою, ақпаратты қабылдау және есте сақтау қабілеті әлсіреуі мүмкін.
Егер ұмытшақтық пен зейіннің төмендеуі бірнеше апта немесе ай бойы сақталып, жұмысқа, оқуға не күнделікті тіршілікке кедергі келтіре бастаса, неврологтің кеңесіне жүгінген жөн. Әсіресе жақындарыңыз мінез-құлқыңыздағы немесе есте сақтау қабілетіңіздегі өзгерістерді байқай бастаса, не шағымдар уақыт өте келе күшейсе, қажетті тексеруден өткен дұрыс.
Ұйқының жетіспеуі, күйзеліс, ақпараттық жүктеме және өмір салты ми жұмысына қаншалықты әсер етеді? Когнитивтік бұзылыстардың негізгі қауіп факторлары қандай?
Ми – жоғары энергия тұтынатын орган. Сондықтан оның жұмысы адамның өмір салтына өте тәуелді. Ұйқының созылмалы тапшылығы нейропластиканы төмендетіп, есте сақтау, зейін және шешім қабылдау қабілеттерін әлсіретеді. Ұйқы кезінде мида метаболикалық қалдықтарды шығаратын глимфатикалық жүйе белсенді жұмыс істейді. Сондықтан сапасыз ұйқы ұзақмерзімді перспективада нейродегенеративті өзгерістер қаупін арттыруы мүмкін.
Созылмалы стресс те ми қызметіне айтарлықтай әсер етеді. Ол кортизол деңгейінің тұрақты жоғарылауына әкеліп, есте сақтау мен ойлау процестеріне жауап беретін ми құрылымдарының жұмысына кері ықпал етеді. Нәтижесінде зейіннің төмендеуі, ақпаратты өңдеу жылдамдығының баяулауы және когнитивтік өнімділіктің әлсіреуі байқалады.
Сонымен қатар қазіргі заманда жиі кездесетін ақпараттық шамадан тыс жүктеме назар ресурстарының сарқылуына, психикалық шаршауға және еңбек өнімділігінің төмендеуіне себеп болуы мүмкін. Сондықтан ми саулығын сақтау үшін жеткілікті ұйқы, тұрақты физикалық белсенділік, теңгерімді тамақтану және стресті тиімді басқару аса маңызды.
Жалпы когнитивтік бұзылыстардың қауіп факторлары екі топқа бөлінеді: өзгермейтін және түзетуге болатын факторлар. Өзгермейтін факторларға жас ұлғаюы және генетикалық бейімділік жатады. Ал түзетуге болатын факторлар ішінде ең маңыздысы жүрек-қантамыр аурулары, темекі шегу, алкогольді шамадан тыс тұтыну және физикалық белсенділіктің төмендігі, сондай-ақ депрессия, созылмалы стресс, ұйқы апноэсі және әлеуметтік оқшаулану когнитивтік төмендеудің тәуекелін арттырады. Қазіргі деректерге сәйкес, деменция жағдайларының едәуір бөлігінің алдын алуға болады. Ол үшін түзетуге болатын қауіп факторларын уақытылы анықтап, бақылауда ұстау маңызды.
Соңғы жылдары СДВГ туралы жиі айтылады. Оның белгілері қандай және оны қарапайым ұмытшақтықтан немесе шаршаудан қалай ажыратуға болады?
СДВГ, яғни зейін жеткіліксіздік және гиперактивтілік синдромы – бұл жай ғана ұмытшақтық немесе шашыраңқылық емес, мидың атқарушы функцияларының даму ерекшелігімен байланысты нейродамулық бұзылыс. Негізгі белгілері үш топқа бөлінеді: назарды ұзақ уақыт ұстап тұрудың қиындығы, импульсивтілік және кейбір жағдайларда гиперактивтілік. Мұндай адамдар тапсырмаларды соңына дейін жеткізуде, уақытты жоспарлауда, ұйымдастыруда қиындық көреді, маңызды ақпаратты жиі ұмытып кетуі мүмкін. Қарапайым шаршау немесе стресс кезінде зейіннің төмендеуі уақытша болады және демалыстан кейін қалпына келеді. Ал СДВГ белгілері бала кезден байқалып, адамның оқуына, жұмысына және әлеуметтік өміріне ұзақ уақыт әсер етеді. Сондықтан диагноз тек шағымдарға емес, клиникалық бағалауға және арнайы тестілеуге негізделіп қойылады.
Миды жаттықтыру үшін қандай белсенділіктер ең тиімді деп санайсыз? Кітап оқу, шет тілдерін үйрену, музыкамен айналысу, шахмат ойнау немесе басқа да тәсілдердің қайсысы көбірек пайда әкеледі?
Соңғы жылдардағы зерттеулер ми денсаулығын сақтаудағы «life-course approach» қағидатына ерекше назар аударуда. Бұл тәсілге сәйкес, когнитивтік денсаулық тек кроссворд шешу, кітап оқу немесе шахмат ойнау арқылы емес, өмір бойы үздіксіз білім алу, физикалық белсенділік және әлеуметтік байланыстарды сақтау арқылы қалыптасады.
Ең жоғары дәлел деңгейіне ие факторлардың қатарында аэробты жүктемелер бар. Жылдам жүру, жүгіру және жүзу миға қан ағымын жақсартып, нейропластиканы қолдайтын, оқу мен есте сақтауға ықпал ететін ақуыздардың түзілуін арттырады. Сонымен қатар ұйқының тек ұзақтығы ғана емес, оның сапасы мен құрылымы да маңызды. Ал когнитивтік функцияларды дамытудың ең тиімді жолдарының бірі – жаңа ортаға бейімделу: жаңа тіл меңгеру, жаңа мәдени ортаға араласу немесе жаңа кәсіби рөлді игеру.
Әйелдер мен ерлерде когнитивтік бұзылыстардың даму қаупі әртүрлі ме? Ал менопауза кезеңі әйелдердің есте сақтау қабілеті мен зейініне қалай әсер етеді?
Когнитивтік бұзылыстардың дамуында жынысқа байланысты белгілі бір айырмашылықтар бар. Дегенмен клиникалық тәжірибеде негізгі рөлді жас және метаболикалық қауіп факторлары атқарады.
Әйелдерде Альцгеймер типті деменция жиірек кездессе, ерлерде инсульт пен артериялық гипертонияға байланысты когнитивтік бұзылыстар ертерек байқалуы мүмкін.
Менопауза кезеңінде эстроген деңгейінің төмендеуі ми қызметіне де әсер етеді. Осы кезеңде кейбір әйелдер зейіннің шашырауын, жұмыс жадысының әлсіреуін және ұмытшақтықты сезінуі мүмкін. Алайда мұндай өзгерістер көп жағдайда функционалдық сипатта болады және уақыт өте келе немесе өмір салтын түзету арқылы қалпына келуі ықтимал.
Бүгінде когнитивтік денсаулықты бағалау үшін қандай зерттеулер мен тексерулер қолданылады? Дені сау адамдарға профилактикалық когнитивтік скринингтен өтіп тұру қажет пе?
Ең алдымен дәрігер науқастың шағымдарын, ауру тарихын, күнделікті өмірдегі функционалдық мүмкіндіктерін және қауіп факторларын талдайды. Одан кейін арнайы нейропсихологиялық тестілер жүргізіледі. Олардың ішінде MMSE (Mini-Mental State Examination), MoCA (Montreal Cognitive Assessment) сияқты халықаралық скринингтік құралдар кеңінен қолданылады. Бұл тестілер есте сақтау, назар, тілдік функциялар, ойлау жылдамдығы және кеңістіктік бағдарлану сияқты когнитивтік қабілеттерді бағалауға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда зертханалық тексерулер тағайындалады. Мысалы, В12 дәруменінің тапшылығы, қалқанша без қызметінің бұзылыстары, метаболикалық өзгерістер немесе басқа да жағдайлар когнитивтік функцияға әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар мидың құрылымдық өзгерістерін анықтау үшін МРТ немесе КТ жүргізіледі. Кейбір күрделі жағдайларда тереңдетілген нейропсихологиялық зерттеулер, функционалдық бейнелеу әдістері және биомаркерлерді анықтау тәсілдері қолданылды.
ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасында когнитивтік функцияларды бағалау үшін қандай диагностикалық мүмкіндіктер бар және пациенттерге қандай емдеу немесе бақылау шаралары ұсынылады?
Пациенттер неврологтің консультациясынан өтіп, арнайы когнитивтік тестілер тапсырады. Қажет болған жағдайда зертханалық және аспаптық зерттеулер жүргізіледі. Біз мультидисциплинарлық тәсілді қолданамыз. Яғни пациентпен тек невролог қана емес, қажет болған жағдайда психолог пен психотерапевт те жұмыс істейді. Өйткені есте сақтау мен зейіннің төмендеуіне күйзеліс, мазасыздық, депрессия сияқты психоэмоционалдық факторлар да әсер етуі мүмкін. Тексеру қорытындысы бойынша әр адамға жеке емдеу және бақылау жоспары жасалады. Оның құрамына дәрі-дәрмекпен емдеу, когнитивтік тренингтер, психологиялық қолдау және тұрақты бақылау кіреді.
Соңғы бес жылда когнитивтік денсаулыққа қатысты дәрігерлердің көзқарасы мен ұсыныстарында қандай маңызды өзгерістер болды? Оқырманға ми саулығын ұзақ жылдар бойы сақтау үшін қандай негізгі кеңес берер едіңіз?
Бұрын деменция көбіне қартаюдың табиғи салдары ретінде қабылданатын. Алайда бүгінде оны ерте анықтап, дамуын баяулатуға мүмкіндік беретін әдістер бар. Қазіргі медицинада дәстүрлі тестілермен қатар генетикалық зерттеулер, биомаркерлер және ПЭТ/КТ сияқты заманауи технологиялар қолданылып, мидағы өзгерістерді алғашқы белгілер пайда болмай тұрып анықтауға жол ашуда.
Ми саулығын сақтаудың ең тиімді жолы – белсенді өмір салты. Тұрақты қозғалыс, сапалы ұйқы, үздіксіз білім алу, әлеуметтік белсенділік және денсаулықты бақылау когнитивтік функцияларды ұзақ жылдар бойы сақтауға көмектеседі. Ми да бұлшықет секілді: оны үнемі жаттықтырған сайын оның мүмкіндігі арта түседі.
Сұхбатымызды қорытындылай келе, өзіңіз туралы сұрай кетсек. Неврология саласына қалай келдіңіз және дәрігерлік тәжірибеңізде есіңізде ерекше сақталған оқиға немесе пациент болды ма?
Неврологияға келуімнің жолы 5-курста басталды. Сол кезде, яғни 2008 жылы Астанада Ұлттық нейрохирургия орталығы ашылып, біз практикадан өттік. Неврология мен нейрохирургияның кең мүмкіндіктерін көріп, осы мамандықты таңдауға түбегейлі шешім қабылдадым.
Есте қалған жағдайлардың бірі ретінде айта кетейін. Бір пациентім бухгалтер, үнемі дедлайнмен жүретін адам болатын. Негізгі шағымдары күнделікті бас ауруы, зейіннің төмендеуі, есте сақтау нашарлауы, мазасыздық, ұйқы бұзылысы және эмоциялық тұрақсыздық. Әңгімелесу барысында басы ауырған сайын цитрамонды шамадан тыс қабылдайтыны анықталды. Кейде күніне 5-6 таблетка, кейде бірден 6-7 таблеткаға дейін ішкен жағдайлар болған. Жалпы есептегенде айына шамамен 90-120 таблеткаға дейін жеткен.
Тексеру нәтижесінде оның жағдайы бірнеше мәселенің қатар жүруінен туындағаны белгілі болды: мигрень, дәрілік-индуцирленген бас ауруы, мазасыздық бұзылысы және инсомния. Бұл факторлар бір-бірін күшейтіп, тұйық шеңбер қалыптастырған. Мигреньді емдеу, мазасыздықты түзету, ұйқыны қалпына келтіру және өмір салтын өзгерту сияқты кешенді ем жоспарын әзірледік. Екі айдан кейін пациент қайта келгенде жағдайы айтарлықтай жақсарғанын байқадық. Бас ауруы сиреп, ұйқысы түзелген, зейіні қалпына келе бастаған. Тіпті оның сырт келбеті мен көңіл күйінен оң өзгерістер анық байқалды.
Бұл жағдай маған тағы бір маңызды шындықты дәлелдеді. Созылмалы ауырсыну мен стресс когнитивтік функцияларға тікелей әсер етеді. Сондықтан тек симптомдарды емес, олардың түпкі себебін дер кезінде анықтап, емдеу өте маңызды.
Сұхбаттасқан Жібек ЕСІМ



