Денсаулық

Астанада гастроэнтерология мен гепатологияның өзекті мәселелері талқыланды

Екі күнге созылған конгресс Қазақстанның жетекші мамандары мен Германия, АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Өзбекстан және Ресейден келген халықаралық сарапшылардың басын қосты

Астана қаласында Қазақстан гепатологтары мен гастроэнтерологтарының «Gastro Hepato Transplant News 2026» атты IX Ұлттық конгресі өтті. Іс-шара Ұлттық ғылыми онкология орталығында ұйымдастырылып, оған отандық және шетелдік сарапшылар қатысты, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Екі күнге созылған конгресс Қазақстанның жетекші мамандары мен Германия, АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Өзбекстан және Ресейден келген халықаралық сарапшылардың басын қосты.

Конгресс барысында қатысушылар бауыр және асқазан-ішек жолы ауруларын диагностикалау мен емдеудегі заманауи тәсілдерді талқылады. Сондай-ақ бауыр трансплантациясының өзекті мәселелері, вирустық гепатиттер, ішектің қабыну аурулары және гастроэнтерология мен гепатология саласындағы басқа да маңызды бағыттар кеңінен қарастырылды.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен еліміздің өңірлеріндегі гепатологиялық орталықтар басшыларының кеңесі өтті. Кездесуде өңірлердегі салалық қызметтің жай-күйі мен оны жетілдіру жолдары сөз болды.

Конгрестің тәжірибелік бөлігінде мамандар үшін арнайы шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Онда бауырдың функционалдық жағдайын бағалау мен диагностикалаудың заманауи әдістері көрсетіліп, клиникалық тәжірибеде қолданылатын жаңа тәсілдер таныстырылды.

Мамандардың пікірінше, мұндай кәсіби алаңдар халықаралық тәжірибе алмасуға, жаңа клиникалық ұсынымдарды талқылауға және гастроэнтерология, гепатология мен трансплантология салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Ұлттық ғылыми онкология орталығында өткен конгресс сала мамандарының білімін жетілдіруге және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған маңызды кәсіби іс-шаралардың бірі болды.

Фото: discount-house.com

Басқа жаңалықтар

Back to top button