«Тыныштық бермейді, бірнеше рет ұрды»: Алматыда бойжеткен экс-сүйіктісіне қатысты жанайқайын жеткізді
Бойжеткен бұрынғы сүйіктісінің аудио хабарламаларын да жариялаған
Алматы тұрғыны бұрынғы сүйіктісі бірнеше рет өзіне күш көрсетіп, қоқан-лоқы жасағанын айтып, көмек сұрады. Бойжеткеннің сөзінше, ер адаммен қарым-қатынасын тоқтатуға тырысқанымен, ол оны аңдып, тыныштық бермеген, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Сондағы бойжеткеннің айтқан сөзі…
Бойжеткеннің айтуынша, бұрынғы сүйіктісі оған бірнеше рет шабуыл жасаған. Ол кезекті жағдайдың соңы қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін деп қауіптенетінін жеткізді.
Бұрынғы сүйіктім маған осымен төртінші рет шабуыл жасады. Ендігі соққысының соңы өліммен аяқтала ма деп қорқамын. Мені талай рет қорқытты. Жақында әпкеме мені өлтіремін деп жазыпты. Онымен арамыздағы қарым-қатынасты бейбіт жолмен үзуді тырысып көрдім, бірақ ештеңе шықпады, – деді ол.
Бойжеткен бұрынғы сүйіктісінің аудио хабарламаларын да жариялаған. Сондай-ақ өзіне күш көрсетілген сәттердің бірін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде бөліскен.
Оның сөзінше, алғашқы екі жағдайда полицияға жүгінбеген. Бұған науқас әкесінің жағдайы себеп болғанын айтты. Ал үшінші шабуыл кезінде ауыр жарақат алғанын, ер адамның оны басынан теуіп, асфальтқа ұрғанын мәлімдеді.
Полиция не дейді?
Оқиғаға қатысты Алматы қаласының Полиция департаменті түсініктеме берген.
Ведомствоның мәліметінше, әйел осы жылдың шілде айында Медеу аудандық Полиция басқармасына жүгінген.
Дене жарақатын салу фактісі бойынша дереу қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес жүргізілді. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кейін қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеу материалдарымен бірге сотқа жолданды, – деп хабарлады полиция.
Қазір істің сотта қаралуы күтілуде.
Алма БЕЙСЕН



