Қосшыда Қазақстан халқы тілдері күніне арналған облыстық семинар өтті
Тағылымды басқосуға Ақмола облысына қарасты аудандардың Тілдерді оқыту орталықтарының басшылары мен оқытушылары, сондай-ақ тіл саясаты саласының білікті мамандары қатысты
Қосшы қаласы әкімдігінің Тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдері күні аясында «Тіл кеңістігі: жасанды интеллект және болашақ» тақырыбында облыстық семинар өтті, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оны оқыту мен үйретудің заманауи тәсілдерін жетілдіру, цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастырылған тағылымды басқосуға Ақмола облысына қарасты аудандардың Тілдерді оқыту орталықтарының басшылары мен оқытушылары, сондай-ақ тіл саясаты саласының білікті мамандары қатысты. Семинар өзара тәжірибе алмасып, жаңа идеялар мен тиімді әдістемелерді ортаға салған маңызды кәсіби алаңға айналды.

Іс-шараны Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жұмкей құттықтау сөзімен ашып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруда білім беру мен цифрлық технологиялардың маңыздылығына тоқталды.
Семинар барысында жасанды интеллект пен заманауи цифрлық технологияларды тіл үйрету үдерісіне тиімді енгізу, қазақ тілін меңгертудің жаңа мүмкіндіктерін пайдалану, оқыту әдістемесін жаңғырту мәселелері кеңінен талқыланды. Бүгінгі таңда технологиялық даму тіл үйрету саласына да тың серпін беріп, оқытушы мен үйренуші арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеріп отырғаны атап өтілді.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының Оқу-әдістемелік орталығының басшысы Қуаныш Қайыргелдіұлы Қажиахметов, Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Қайыржан Алдашұлы, «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы төрағасының орынбасары Сандуғаш Баймаханқызы, аталған орталықтың AI бөлімінің басшысы Бауыржан Серікбай қатысты.

Кездесу барысында «Тілқазына» цифрлық қосымшасының таныстырылымы өтіп, оның қазақ тілін үйрену мен оқытудағы мүмкіндіктері жан-жақты көрсетілді. Қосымшаның заманауи технологияларды тілдік білім беру үдерісіне ықпалдастырудағы әлеуеті таныстырылып, қатысушыларға практикалық тұрғыда түсіндірілді.
Семинардың басты ерекшелігі – тіл мамандарының кәсіби тәжірибе алмасуына, озық әдістерді ортаға салуына және жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру үдерісіне енгізудің тиімді жолдарын талқылауына жағдай жасалуы болды.
Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, тіл үйрету бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар семинар қонақтары арнайы ұйымдастырылған мәдени-шығармашылық бағдарламаны тамашалады.

Тіл – ұлттың рухани өзегі. Ал оны заманауи технологиялармен сабақтастыра дамыту – уақыт талабы. Осы тұрғыдан алғанда, «Тіл кеңістігі: жасанды интеллект және болашақ» облыстық семинары тіл үйрету ісіне жаңа көзқарас қалыптастырып, мемлекеттік тілдің болашағын технологиялық мүмкіндіктермен ұштастыруға бағытталған маңызды қадам болды.



