Қоғам

Алматы облысында 17 жастағы қыз екі айдан бері табылмай жатыр

Жасөспірім түнде отбасы ұйықтап жатқан кезде үйден шығып кеткен

Алматы облысында 17 жастағы Ясмина Шертаеваны іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жасөспірім екі ай бұрын түнде отбасы ұйықтап жатқан кезде үйден шығып кеткен. Содан бері туыстары одан хабар ала алмай отыр, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Ясминаның отбасы Долан ауылында тұрады. Анасының айтуынша, қыз үйден шығарда өзімен бірге киімдері мен ақшасын алып кеткен. Кейін оның бұрынғы сыныптасымен телефон нөмір арқылы байланысқа шыққаны белгілі болған.

Телефон арқылы сөйлескенде Ясмина жағдайының жақсы екенін айтып, қазір бірнеше әйелмен бірге тұрып жатқанын жеткізген. Алайда нақты қай жерде екенін айтпаған.

Телефонын ауыстырған

Ясмина биыл 11-сыныпты тәмамдаған. Біраз уақыт көршісінің жанында тігінші болып жұмыс істеген. Туыстарының айтуынша, ол шамамен 170 мың теңге жалақы алып, өзіне жаңа телефон сатып алған және телефон нөмірін ауыстырған. Бұл туралы ата-анасына айтпаған.

Ясминаның көршісі қыздың жұмысына жауапкершілікпен қарайтынын және тігін тігуді ұнатқанын айтқан.

Үйде жанжал болмаған

Отбасында алты бала бар, Ясмина – үлкен қызы. Анасының сөзінше, үйде қызбен үлкен жанжал болмаған. Дегенмен ол қызының отбасының таныстары бір жігітпен таныстырмақ болғаннан кейін қорқып кетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ясминаның өзі бұл таныстыққа қарсы болған.

Ата-анасы полицияға арыз берген. Қыздың сыртқы белгілері көрсетілген іздеу туралы бағдарлама полиция бөлімшелеріне және еліміздің басқа өңірлеріне таратылған. Іздеу жұмыстарына еріктілер де қосылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button