Қоғам

Тіл – татулықтың тұғыры: Қосшыда онкүндік іс-шаралар қорытындыланды

Бүгін Қазақстан халқы тілдері күніне арналған онкүндіктің қорытындысы шығарылып, іс-шараларға белсенді қатысқан жеңімпаздар мен үздіктер салтанатты түрде марапатталды

Қазақстан халқы тілдері күні – еліміздегі барша этнос өкілдерін ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырып, мемлекеттік тілге деген құрметті арттыратын тағылымы мол мереке. Осы айтулы күндер аясында Қосшы қаласының Тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен қала көлемінде түрлі бағыттарды қамтыған мазмұнды іс-шаралар өткізілді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Онкүндік аясында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, тіл мәдениетін қалыптастыру, қазақ тілін кеңінен насихаттау және өскелең ұрпақтың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру бағытында бірқатар тағылымды бастамалар жүзеге асырылды.

Бүгін Қазақстан халқы тілдері күніне арналған онкүндіктің қорытындысы шығарылып, іс-шараларға белсенді қатысқан жеңімпаздар мен үздіктер салтанатты түрде марапатталды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қосшыда Қазақстан халқы тілдері күніне арналған облыстық семинар өтті

Онкүндік барысында мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілері арасында «Балауса жүректен – балдай жыр» атты тіл туралы өлеңдерді мәнерлеп әрі жатқа айту байқауы ұйымдастырылды. Балғын бүлдіршіндердің тілге деген алғашқы қызығушылығын қалыптастыруды, олардың шығармашылық қабілетін дамыту мен көркем сөзге деген сүйіспеншілігін арттыруды мақсат еткен байқауға Қосшы қаласындағы қырықтан астам балабақшадан 3-5 жас аралығындағы жүзден астам бүлдіршін қатысты.

Балалардың жатқа айтқан өлеңдері мен жүрекжарды жырлары мерекелік шараның мазмұнын байытып, мемлекеттік тілдің бала тәрбиесіндегі маңызын айшықтай түсті.

Ал 5-10 сынып оқушылары арасындағы «Үш бақытым» жас ақындар мүшәйрасы шығармашылық байқау жас өрендердің поэзияға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың туған жерге, елге және ана тілге деген сүйіспеншілігін жыр жолдары арқылы жеткізуіне мүмкіндік берді.

Мүшәйраға Қосшы қаласының жалпы білім беретін мектептерінен 200-ден астам жас талапкер қатысты. Бұл көрсеткіш оқушылардың әдебиет пен шығармашылыққа, сондай-ақ мемлекеттік тілге деген қызығушылығының жоғары екенін аңғартты.

Байқауға ұсынылған шығармалардың барлығы арнайы ұйымдастырылған әділ қазылар алқасының сараптауынан өтіп, мазмұны, көркемдік деңгейі мен шығармашылық ерекшелігіне қарай үздіктер анықталды. Қаламы қарымды, ойы ұшқыр жас ақындар арнайы дипломдармен және марапаттармен атап өтілді.

Тіл мерекесіне арналған онкүндік шаралар білім беру ұйымдарымен ғана шектелмей, қаланың әртүрлі салаларын қамтыды. Мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі қолданыс аясын кеңейту мақсатында түрлі мекеме қызметкерлері де ортақ бастамаға белсенді түрде атсалысты.

Атап айтқанда, Қосшы қаласындағы «Виамедис» емханасының медицина қызметкерлері, сондай-ақ «Алан» спорт кешенінің қызметкерлері мен спортшылары тіл мерекесіне орай ұйымдастырылған диктант жазу шарасына қатысып, мемлекеттік тілге деген құрметтерін танытты.

Онкүндік аясында өткен әрбір іс-шараның мазмұны әртүрлі болғанымен, барлығының түпкі мақсаты бір арнаға тоғысты. Ол – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қазақ тілін қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен қолдануға ықпал ету, тіл мәдениетін қалыптастыру және жас ұрпақтың ана тіліне деген сүйіспеншілігін күшейту.

Қазақстан халқы тілдері күніне арналған онкүндік – тілдің тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтатын маңызды құндылық екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button