«Baytaq-тың белсенділігі байқалмайды»: Саяси ұйымның тағы бір мүшесі мәлімдеме жасады
Экология саласындағы саясат тек ұранмен емес, нақты әрекетпен жүргізілуі керек

Baytaq жасылдар партиясының мүшесі, Азаматтық интеллект және қоғам инновацияларын дамыту институтының директоры Нұрлан Көптілеуов те әлеуметтік желідегі парақшасында партияның бүгінгі жағдайына және жүріп өткен жолына қатысты өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Оның айтуынша, партия құрылған сәттен бастап 2025 жылдың сәуір айына дейін оның алғашқы Атқарушы хатшысы ретінде қызмет атқарқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Ұрандай беру жеткіліксіз!»: Baytaq партиясының мүшесі саяси ұйымды сынап тастады
Саяси өмірде жоқ саяси партиялар…
Конституция жобасында талқылауды қажет ететін тұжырымдар кездеседі – Нұрлан Көптілеуов
Үш жылдан астам уақыт ішінде партия бірқатар жобаны іске асырды
Құрметті әріптестер, партияластар, қоғам белсенділері және экологиялық бағытты қолдайтын азаматтар!
Партияның бүгінгі жағдайына және біз бірге жүріп өткен жолға қатысты өз көзқарасыммен бөлісуді маңызды деп санаймын. Өткен жылдың қыркүйек айында, Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауына дейін, мен «Байтақ» партиясындағы қоғамдық-саяси қызметімді аяқтадым. Партия құрылған сәттен бастап 2025 жылдың сәуір айына дейін оның алғашқы Атқарушы хатшысы ретінде қызмет атқардым.
Сол кезеңдегі үш жылдан астам уақыт ішінде партияның ұйымдық құрылымы қалыптасты, басқару және жұмыс органдары құрылды, қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған бірқатар жоба іске асырылды. Партия елдің саяси өміріне белсенді түрде қатысып, тіркелгеннен кейін алғаш рет өткен «Атом электр станциясын» салу мәселесі бойынша Жалпыұлттық Референдумға атсалысты. Осы науқан аясында мен әріптестеріммен бірге және өңірлік филиалдар мен партия белсенділері республикалық штабтың құрамында болдық. Қоғам қайраткерлері, сарапшылармен бірге бірінші топта жұмыс істедім, өңірлерде түсіндіру кездесулеріне қатыстым, – деді ол.
Нұрлан Көптілеуовтің айтуынша, бүгінгі таңда елдің саяси өмірінде Жасылдар партиясының негізгі мемлекеттік үдерістерге белсенді қатысуы айқын байқалмайды.
«Экология саласындағы саясат тек ұранмен емес, нақты әрекетпен жүргізілуі керек»
Аталған кезеңде партия және оны қолдаушылар экологиялық күн тәртібін нақты істер арқылы жүзеге асырды. Қоғамдық белсенділермен және экологтармен бірлесіп, көгалдандыру, таза ауа мен таза суды қорғау, табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жобалар атқарылды. Бұл экология саласындағы саясаттың тек ұранмен емес, нақты әрекетпен жүргізілуі керектігін көрсетті.
Идеологиялық мәселеге де арнайы тоқталған жөн. «Таза ауа, таза су» ұраны қоғамға жақсы таныс. Алайда бұл ұстаным партия құрылғанға дейін де кейін де «Аманат» партиясы жанындағы “Экологиялық кеңес” аясында қалыптасып, көтерілгенін атап өткен маңызды. Осы тұрғыда стратегиялық сұрақ туындайды: экологиялық күн тәртібін тиімді іске асыру үшін қандай жол дұрыс? – ресурсы шектеулі жеке саяси құрылым арқылы ма, әлде шешім қабылдау жүйесіне кіріккен, институционалдық мүмкіндігі кең ауқымды тетіктер арқылы ма?
Бұл сұрақ елдегі экологиялық ахуалдың күрделенуін ескергенде ерекше мәнге ие.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда елдің саяси өмірінде Жасылдар партиясының негізгі мемлекеттік үдерістерге белсенді қатысуы айқын байқалмайды. Партия парламенттік реформаға қатысқан жоқ, дегенмен өкілді билік институттарын жаңғыртуды қолдайтынын жариялап келді. Сондай-ақ, Конституция – мемлекеттің негізгі құжаты талқыланған Конституциялық комиссия жұмысына қатыспады. Бұл комиссияға көптеген қоғамдық ұйым мен алты саяси партия тартылған еді. Қазіргі таңда партия негізгі саяси референдумдар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқан, 300-ден астам қоғамдық ұйым мен саяси партияларды біріктіретін кең қоғамдық-саяси коалиция құрамында да жоқ, – дейді ол.
Нұрлан Көптілеуов партияның жастар қанаты әлі күнге дейін толыққанды қалыптаспағанын айтты.
Бүгін Жасылдар партиясының мүшесі бола отырып, бірқатар үдерістерге алаңдаушылықпен қараймын. Ішкі саясаттың негізгі басымдықтарының қатарына жататын, экологиялық және «жасыл» күн тәртібімен тікелей байланысты мемлекеттік бастамалар, соның ішінде ішкі саясаттың негізгі қағидатына айналған «Таза Қазақстан» бастамасы, партия жұмысына жүйелі түрде енгізілмеді және партия ішінде жаппай қолдау таба алмады. Бұл партияның экологиялық мәселелер бойынша қоғамдық диалогтың белсенді қатысушысы болу мүмкіндігін шектеді.
Сонымен қатар, партияның жастар қанаты әлі күнге дейін толыққанды қалыптасқан жоқ. Іс жүзінде бұл басшылық құрамда жасы үлкен адамдардың басым болуына және тағайындалуларына алып келді. Мұндай жағдай партияның жаңару қарқынын төмендетіп, жас буын үшін тартымдылығын әлсіретеді.
Саяси партия қоғамдық ұйым ретінде ең алдымен қоғамға, ішкі пікір алмасуға және ұжымдық шешімдерге сүйенуі тиіс. Ал партия қозғалысы тек «бір тұлғаның немесе көшбасшысының» ғана бағытына тәуелді болған жағдайда, оның қайда апаратыны және бұл бағыт қоғам сұранысына қаншалықты сай келетіні туралы заңды сұрақ туындайды.
Алдағы уақытта біз партияның өткен тәжірибесін, қазіргі жағдайын және даму мүмкіндіктерін жан-жақты талдауды жалғастырамыз. Бұл әңгіме аяқталған жоқ және экология, қоғам мен ел мүддесі үшін байыпты, кәсіби әрі ашық түрде жалғасын табуы тиіс, – деп сөзін түйіндеді ол.
Фото: дереккөз



